«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин жаңа Салық кодексінің жобасын таныстырды. Негізгі тұстары:
- шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін АСР салық мөлшерлемесі табыстың 3%-дан 2%-ға дейін төмендейді;
- жалпы КТС мөлшерлемесі бұрынғы деңгейде қалады – 20%;
- құны 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлікке, 70 млн теңгеден қымбат көліктерге 10 пайыздық сән-салтанат салығы енгізілді; ұшақтар, яхталар – 100 млн теңгеден асса; сигаралар – бір дана 10 мың теңгеден, алкоголь – литріне 500 мыңнан жоғары болса сән-салтанат салығы жүреді;
- зейнетақы өсімдері табыс салығынан босатылады, оның ішінде оларды алып үлгерген азаматтар үшін де;
- KASE және AIX тізімінде тұрған акциялар бойынша дивидендтер бойынша салық жеңілдіктері жойылды. Олар үшін 5% салық төлеуге тура келеді;
- миноритарлық акционерлер үшін салықтық жеңілдіктер уәде етілген, бірақ ірі емес (толығырақ әлі белгісіз);
- пайдаланылған автокөліктер үшін көлік салығы ставкаларын төмендету ұсынылады: 10 жастан асқан автокөліктер үшін 30%-ға, 20 жастан асқан – 50%-ға;
Салық кодексі жобасындағы елеулі жаңалықтардың қатарында өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелуден бас тартуы да ұсынылып отыр. 1 млн 250 мың теңгеге дейінгі табыспен олар енді 4 пайыздық бір реттік төлемақы төлей алады.
Бұрын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар бір АЕК (өткен жылы 3 450 теңге) мөлшерінде Бірыңғай жиынтық төлем ставкасын төлесе, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап олар жеке кәсіпкерлер ретінде төрт арнаулы салық режимінің біреуіне немесе жыл сайын табыс салығы бойынша декларация тапсырады (10%).
Салықты жеңілдету 1,2 миллионға жуық өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамға әсер етеді.
Жаңа салық кодексінің толық жобасы ертең Ұлттық экономика министрлігінің сайтында жарияланады.