SmArt.Point алаңында интернетті басқару жөніндегі үшінші Ұлттық форум — Qazaqstan IGF 2025 басталды. Форумның басты назарында — интернетті басқарудың көпжақты тәсілі мен жасанды интеллектті жауапкершілікпен реттеу мәселелері тұр.

Шараға цифрлық ортаны дамыту және оның құқықтық реттелуі жөніндегі өзекті мәселелерді талқылауға интернет саласындағы сарапшылар, мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері, ІТ-қоғамдастық, академиялық орта, азаматтық қоғам және халықаралық ұйымдар өкілдері жиналды.

Интернетті басқару жөніндегі жаһандық форумның (Internet Governance Forum, IGF) бір бөлігі ретінде, IGF ұлттық бастамалары БҰҰ Бас хатшылығының қамқорлығымен әлемнің төрт құрлығындағы 106 елде жүзеге асырылып келеді.

«Qazaqstan IGF 2025 форумының тақырыптары БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарымен тығыз байланысты. Негізінен, бұл форумның болуы — сол мақсаттардың орындалуының көрінісі. Интернетті басқаруда көпжақты тәсілдің маңыздылығын атап өткім келеді — мемлекет, бизнес, азаматтық сектор және академиялық орта бұл процеске белсенді қатысуы тиіс», – деді Eurasian Digital Foundation негізін қалаушысы, DRCQ заң фирмасының басқарушы серіктесі Руслан Дайырбеков.

«Интернет, Әділет министрлігі үшін өте маңызды, өйткені соңғы үш жылда біз азаматтардың телефондарында цифрлық қорғау болсын деп мақсат қойдық. Қазіргі таңда бірқатар цифрлық жобаларымыз бар — Цифрлық нотариат, кез келген құқықтық сұрақтарға жауап беретін ЖИ көмекші — E-Заң көмегі, Adilet мобильді қосымшасы», – деді ҚР Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков.

Қазақстандағы Эстония Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Яап Ора Эстонияның цифрландыру тәжірибесін бөлісті.

«Бүгінде Эстонияны мінсіз цифрлық демократия деп атайды. Менің ойымша, бұл бүкіл қоғамды тартуға негізделген тәсілдің нәтижесі. Цифрландыруымыздың негізі — болашақты болжай білетін үкімет, корпоративтік сектор және техникалық сауатты халық арасындағы серіктестік болды. Білім беру рөлі, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және сенімді қалыптастыратын заңнама — ашықтық пен есеп беру де негізгі факторлардың бірі. Осылайша, біздің тәжірибеміз бұл форумда айтылып отырған көпжақты интернет басқаруды дұрыс жол екенін көрсетеді», – деді ол.

Форум сессияларында талқыланған тақырыптар: Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру құралы ретінде көпжақты интернет басқаруы; Cyber Safe for Women; Қазақстандағы киберқауіпсіздік; Қазақстандағы интернет: реттеу, шектеулер және перспективалар; Жасанды интеллект және дипфейктер: сөз бостандығына төнетін қауіп; ЖИ-ді тұрақты даму мақсаттарына жету үшін жауапкершілікпен пайдалану; Парламенттік бастамалар; Цифрлық экономикаға арналған мамандықтарды даярлау; Қазақстандағы цифрлық активтерді реттеу және басқа да маңызды мәселелер.

«Цифрлық экономикаға арналған мамандықтарды даярлау» сессиясында академиялық ортадан шыққан сарапшылар болашақ экономика үшін қажетті цифрлық білім беру бағдарламалары мен мамандарды даярлау мәселесін талқылады. Сондай-ақ осы сессияда Киберқұқық мектебі дайындаған «Заңгерлерге арналған ЖИ» курсы таныстырылды.

Qazaqstan IGF 2025 ұйымдастырушылары: Eurasian Digital Foundation қоры және Қазақстанның Цифрлық құқық орталығы заң фирмасы. Форум БҰҰ Бас хатшылығының ресми қолдауымен, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Ақпараттық қауіпсіздік комитеті, Maqsut Narikbayev University және BlockchainKZ қауымдастығының серіктестігімен өтті.

IGF ұлттық бастамасы көпжақты диалогты дамытуды ынталандырады және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының мына бағыттарына сай келеді: «Өнеркәсіп, инновациялар және инфрақұрылым»; «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар»; «Тұрақты даму мүддесіндегі серіктестік».