WIPO дерегінше, 2023 жылға арналған инновация бойынша елдер рейтингінде Қазақстан әлемде 132 елдің ішінде 81-орынға ие болды. Елдің индексі 26,7. ҚР-дағы жағдай айтарлықтай өзгерген жоқ: бір жыл бұрын еліміз 24,7 индекспен 132 елдің ішінде 83-орынға ие болған.
Рейтинг сарапшылары қазіргі экономикалық жағдай аясында инновацияның жаһандық үрдістерін талдап, инновациялық шығындар мен нәтижелер сияқты критерийлер бойынша топтастырылған 80-ге жуық индикаторларды ескере отырып, әлемдік экономикаларды инновациялық әлеуетіне сәйкес рейтингке түзді.
Ең инновациялық елдер – Швейцария, Швеция, АҚШ, Ұлыбритания және Сингапур. Рейтингте соңғы орынға Ангола жайғасты.
ТМД елдері арасында алғашқы бестікке Ресей, Украина, Молдова, Армения және Беларусь кіреді. ҚР-нан төмен Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан және Тәжікстан орналасқан.
Табысы орташадан жоғары мемлекеттер арасында Қазақстан 33 елдің ішінде 25-орынға ие болды. Орталық Азия мен Оңтүстік Азия елдерінің ішінде Қазақстан 3-орында.
Еліміз негізгі 80 индикатордың ішінде мемлекеттік онлайн қызметтері (әлемде 8-орын), патенттердің шығу тегінің пайдалы модельдері (10-орын), орта білім берудегі оқушы-мұғалімдердің арақатынасы (12-орын) сияқты аталымдар бойынша жақсы орындарға ие болды. Ең нашар нәтижеге келетін болсақ, Қазақстан бағдарламалық қамтамасыз етуді тұтыну бойынша әлемде 124-орында, кластерлік даму жағдайы бойынша 118-орында, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарда университет пен сала ынтымақтастығы бойынша 117-орында тұр.
2022 жылы Қазақстанда 30,8 мың кәсіпорын инновациялық белсенді болды. Олардың инновациялық көрсеткіші 11% болды.
Инновациялық өнім көлемі 1,9 трлн теңгені құрап, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 30,6% артық. Сатылған инновациялық өнім көлемі 32% өсіп, 1,7 трлн теңгеге жетті. Жалпы сату көлемінен 286,3 млрд теңгенің өнімі экспортталды.
Инновацияға жұмсалған қаражат 1,5 трлн теңгені құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан бірден 81,6% көп. Шығындардың басым бөлігі компаниялардың өз қаражаты есебінен болды: 693,6 млрд теңге, бір жылда 11,7% көбейген. Республикалық бюджеттен 101,2 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 8,7 млрд теңге инвестиция тартылды. Шетелдік инвестиция 21 млрд теңгені құрады.