Елімізде қымбатшылықтың қысымы аздап босаңси бастады. Айлық инфляция шілдеде бәсеңдеп, 1.1%-ды көрсетті. Маусымда ол 1.6% болған еді.

«Әрине, мұның себебі де белгілі, – дейді Jusan Analytics зерттеу орталығының талдаушысы Айжан Әлибекова, – жаз айларында көкөністер мен жемістер бағасының әдеттегідей түсуі, жаңа егін жинау науқанының басталуы, ауыл шаруашылығы өндірушілері бағасының шамалы түсуі және азық-түлікке жатпайтын кейбір тауарлар бағасының тұрақтануы тұтыну инфляциясының өсуін тежеді. Өйткені азық-түлік тауарларының бағасы - инфляция өсімінің негізгі бөлігі болып табылады». Бұған қоса ғаламдық сұраныстың азаюы, Солтүстік жартышарда егін жинау науқанының басталуы және бір-бірімен қақтығысқан екі ел – Ресей мен Украинаның маңызды экспорттық порттарды ашу туралы келісімге келуі де азық-түліктің әлемдік бағаларының төмендеуіне септігін тигізуде.

«Шілдеде әлемдік азық-түлік бағалары соңғы айлармен салыстырғанда – 140.9 пунктке дейін түсіп, 8.6%-ды құрады. Алайда азық-түлік бағалары өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі мәннен әлі де 13.1%-ға жоғары. Қазіргі әлемдік азық-түлік және энергетика нарықтарындағы ахуалға қарап айтар болсақ, ғаламдық инфляцияның өршіп кету мүмкіндігі төмен», - деді Айжан Әлибекова.

Шілде айында елімізде жылдық инфляция өсуін одан әрі жалғастырды. Сөйтіп маусым айымен салыстырғанда 0.5 пайыздық тармаққа ұлғайып, жылдық есепте 15.0%-ға жетті. Бұл соңғы 6 жыл ішіндегі жаңа тарихи көрсеткіш. Тұтыну инфляциясы азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлардың қымбаттауына байланысты өскенін айта кеткен жөн.  

Әдеттегідей инфляция өсімінің негізгі бөлігі - азық-түлік тауарларының бағасы. Шілдеде (бір ай ішінде) азық-түлік тауарлары 1.0%-ға (маусымда – 1.9%) өсті. Ал жылдық тұрғыда 19.7%-ға (ж/ж) қымбаттады.

«Айлық азық-түлік инфляциясының бәсеңдегені барлық азық-түлік топтарында байқалды. Бұған көкөністер мен жемістер бағасының маусымнан бергі маусымдық төмендеуі әсер етті. Сүт өнімдері мен нан-тоқаш бұйымдары бағаларының тұрақтауы ауыл шаруашылығы өндірушілері бағаларының өсу қарқынының төмендеуіне септігін тигізді. Бұған азық-түліктің әлемдік бағалары тарапынан түсетін қысымның босаңсығаны да әсер етті», - дейді Jusan Analytics талдаушысы.

Қанттың бағасы озық қарқынмен өсіп жатыр – 6.1% (ж/ж 86%). Қант елімізде өте тапшы. Бұған Ресейден қант әкелуге шектеу қойылғандығы әсер етуде. Айта кетелік, тамыздың соңында шектеу мерзімі аяқталады.

Шілдеде азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі аздап қарқын алып, 1.5%-ға өсті (маусымда 1.4%). Ал жылдық тұрғыда өсім 14.2% болды.

«Геосаяси шиеленістің сақталуы және монетарлық шарттардың ғаламдық тұрғыда қатаңдатылуы, оның үстіне ішкі сұраныстың импортқа тәуелділігі азық-түлікке жатпайтын тауарлардың қымбаттауына әсер етуде. Оның үстіне азық-түлікке жатпайтын тауарлардың тұтыну құрылымында импорттық тауарлардың үлесі басым болғандықтан, бағалар бірінші кезекте импорттық бағалардың өсуіне тәуелді», - дейді Айжан Әлибекова. Сәйкесінше азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуіне сыртқы инфляциялық қысым, теңге бағамының әлсіреуі (шілдеде 1.4%) және жүк тасымалдау тарифтерінің айтарлықтай жоғарылауы (шілдеде 1.9%) ықпал етеді.

Бензин мен дизель отыны бағаларына мемлекет тарапынан шектеу қою тұтыну тауарлары мен көрсетілетін қызметтердің барлық санаттарында бағалардың бірқалыпты өсуіне септігін тигізуде. Шілденің екінші жартысында бұл шектеу тағы 180 күнге ұзартылды.

Ақылы қызметтер саласында бағалар біршама тұрақталып, бір ай ішінде 0.8%-ға өсті. Бұл өткен айдағы көрсеткішке сәйкес келеді. Ал жылдық тұрғыда ақылы қызметтер бағасы 9.2%-ға өсті. Бағалардың айтарлықтай өсімі мына қызметтерде байқалды: темір жол көлігіне тиесілі қызметтер - 15.9%-ға (19.0%), әуе көлігі бойынша - 15.9%-ға (26.6%), қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындары қызметтері – 1.6%-ға (16.8%), мейрамхана ж/е қонақ үй бизнесі қызметтері – 1.5%-ға (16.6%), шаштараз және жеке көрсетілетін қызметтер – 1,5%-ға (13.0%) өсті.

Ақылы қызметтердің көптеген түрлері бойынша бағаның өсуі тұтыну сұранысының артуымен түсіндіріледі. Өйткені қазір жазғы еңбек демалысы маусымы жүріп жатыр. 

Өңірлік тұрғыдан алып қарағанда, шілде айында көпшілік облыстар мен республикалық маңызға ие қалаларда жылдық инфляция қарқыны үдей түсті.

«Жылдық инфляцияның ең жоғары өсу қарқыны Атырау (+1.9%), Абай (+1.2%) және Шығыс Қазақстан облыстарында (+1.3%) тіркелді. Алматы облысында жылдық инфляцияның өсу қарқыны айтарлықтай бәсеңдеді (-0.9%). Қарағанды және Жетісу облыстарында бесеңдеу жақсы сезілді (сәйкесінше (-0.2% және -0.1%)», - дейді Jusan Analytics талдаушысы.

Сонымен ең жоғары айлық өсім мына облыстарда тіркелді:

Атырау облысы – 2.1%,

Павлодар облысы 1.7%,

Шығыс Қазақстан облысы – 1.6%.

Инфляцияның ең төменгі деңгейі мына облыстарда тіркелді:

Алматы облысы – 0.5%,

Түркістан облысы – 0.7%,

Алматы қаласы, Жетісу және Қарағанды облыстары – 0.9%.

Жылдық тұрғыда азық-түлік инфляциясының бәсеңдеуі мына облыстарда байқалды: Алматы облысы (-1.2%), Ұлытау және Түркістан облыстары (сәйкесінше -0.8% және -0.7%).

Шілденің соңында Халықаралық валюта қоры ғаламдық инфляцияның болатындығы туралы  болжамды жаңғыртты және оның ықтималдығын көтерді. Болжам бойынша экономикасы дамыған елдерде биыл инфляция 6.6%-ға, ал дамушы елдерде 9.5%-ға жетеді және ұзақ уақыт бойы жоғары күйінде сақталады.

 

Инфляцияға байланысты зерттеу жұмысымен мына сілтеме бойынша толыққанды танысып шығуға болады:

https://jusananalytics.kz/kz/czenovoj-barometr-iyul-2022/