Қазақстан импортты арттыруды жалғастыруда. Статистика бюросы дерегінше, наурызда импорттық тауарлардың жалпы құны 5,3 млрд долларды құрады. 2017 жылдан бері тек 2022 жылдың желтоқсанында ғана көрсеткіш 5,4 млрд доллардан асты. Ақпанмен салыстырғанда импорт 838,9 млн долларға өсті
Экспорт та өсуде. 2023 жылдың наурызында шетелге 6,6 млрд доллардың үстінде тауар сатылды, ақпанмен салыстырғанда өсім жарты миллиард долларға жуықтады.
Алайда 2023 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша, экспорт 18,9 млрд долларды құрады. Бұл 2021 жылдың соңынан бергі минимум. Жалпы экспорт үшінші тоқсан қатарынан азайып келеді.
Импорт тоқсан қорытындысы бойынша шамамен 14 млрд доллар. Тек 2022 жылдың төртінші тоқсанында ғана көрсеткіш жоғары болған, ол кезде 15 млрд долларды құраған еді.
Экспорт пен импорттың айырмашылығы 4,9 млрд доллар. Бұл 2021 жылдың басынан бергі минимум.
Тауар айналымы 32,8 млрд долларды құрады, соңғы жылдағы минимум. Алдыңғы үш тоқсанда орташа есеппен 35,2 млрд доллар болған.