Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың активтері ағымдағы жылғы II тоқсанда 7,4% немесе 167 млрд теңгеге (2023 жылдың басынан бастап өсім – 15,0%) өсіп, 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 2,4 трлн теңгені құрады. Активтердің ұлғаюы микроқаржы ұйымдары кредиттік портфелінің өсуімен байланысты.
МҚҚЖҰ құрылымында активтердің ең көп бөлігі микроқаржы ұйымдарына – 1 264 млрд теңге немесе 52,1%, кредиттік серіктестіктер – 880 млрд теңге немесе 36,2%, ломбардтар – 284 млрд теңге немесе 11,7% тиесілі.
МҚҚЖҰ-ның несие портфелі биыл II тоқсанда 5,5%, 2,3 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бастап өсім – 10,0%).
Заңды тұлғаларға берілген қарыздар 2023 жылғы II тоқсанда 6,6%, 789 млрд теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылдың басынан бастап өсім – 7,8%).
Жеке тұлғаларға берілген қарыздардың көлемі ағымдағы жылғы II тоқсанда 3,8% ұлғайып, 2023 жылғы 1 шілдеде 1,2 трлн теңгені құрады (2023 жылдың басынан бастап өсім – 8,6%). Дара кәсіпкерлерге берілген қарыздар 10,3%, 283 млрд теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бастап өсім – 23,7%).
МҚҚЖҰ портфеліндегі 90 күннен астам мерзімі өткен (NPL90+) қарыздардың деңгейі 2023 жылғы 1 шілдеде 3,4%-ды құрады (01.01.2023ж. – 3,7%). Жеке тұлғалардың портфелінде бұл көрсеткіш 5,4%-ды құрады (01.01.2023ж. – 5,8%).
2023 жылғы 1 шілдеде МҚҚЖҰ-ның міндеттемелері 2,5%, 1,7 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бастап өсім – 11,3%). Қорландыру құрылымындағы негізгі үлес алынған қарыздарға тиесілі болады, олардың үлесі жиынтық міндеттемелердің 80,0%-ын немесе 1,3 трлн теңгені құрайды.
2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша меншікті капиталы тоқсан ішінде 19,6% ұлғайып, 777 млрд теңгені құрады (2023 жылдың басынан бастап өсім – 23,5%).