2023 жылдың қорытындысы бойынша, ҚР ЕДБ депозиттері 35 трлн теңгеден асты, бұл өткен жылмен салыстырғанда 11,1% артық. 2022 жылмен салыстырғанда өсу қарқынының төмендеуі байқалады, бірақ соған қарамастан, динамика оң күйінде қалып отыр.
Елдегі ірі банктер арасында депозиттердің жалпы көлемінің өсімі бойынша көшбасшы еуропалық Home Credit Bank болды: бір жылда бірден 44,1% көбейіп 365,3 млрд теңгеге жетті. Айта кету керек, өсім барлық сегменттерде байқалады: жеке тұлғалардың депозиті 49,6%, 324,2 млрд теңгеге дейін, заңды тұлғалардың депозиті 12,1%, 41,2 млрд теңгеге дейін өсті. Танымал банк өнімдері – «Сберегательный Хоум», «Сберегательный Хоум Плюс»» және «Простой» депозиттері.
Kaspi Bank депозит өсімі бойынша екінші орынға ие болды: бір жылда 33,2% өскен. Үздік үштікті ЦентрКредит банкі жапты: 23,5% ұлғайған.
Елдегі ең ірі ЕДБ арасында депозиттердің өсімі бойынша алғашқы бестікке тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне маманданған Отбасы банкі (15,7%) және ForteBank (12,6%) кірді.
Бұл ретте депозиті азайған банктер де бар. Ірі ЕДБ қатарында Jusan Bank, Bereke Bank және Bank RBK, басқа банктердің арасында Al Hilal ислам банкі, Заман банк, Қазақстандағы Қытай банкі, Altyn Bank және Ситибанк Қазақстан бар.
Жалпы, 2019 жылдан бері ел банктеріндегі депозиттердің жыл сайын артуы байқалады. Небәрі бес жылдың ішінде жалпы сома екі еседен астам өсті, бұл ҚР банк секторының тұрақтылығын және қаржы институттарына сенімнің артқанын көрсетеді.
ҚР ЕДБ депозиттерінің ең танымал түрі мерзімді депозиттер: 23,8 трлн теңге немесе жалпы көлемнің 67,7%-ы. Жинақ салымдары – 1,7 трлн теңге немесе 4,7%, талап етуге дейінгі салымдар – 363,5 млрд теңге немесе 1%, шартты салымдар – 291,8 млрд теңге немесе 0,8%, ағымдағы шоттар – 9 трлн теңге немесе 25,7%.
2023 жылдың аяғындағы депозиттердің өсуі ұлттық валютадағы депозиттер бойынша жоғары мөлшерлеме аясында халықтың жинақтауға бейімділігінің артуымен де түсіндіріледі. Депозиттердің жалпы көлемінде шетел валютасындағы депозиттер де баршылық: 2023 жылдың қорытындысы бойынша, теңгедегі депозиттер портфельдің 71,8%-ын, шетел валютасындағы депозиттер 28,2%-ын құрады.