Германия «Дружба» магистральдық мұнай құбыры арқылы қазақстандық мұнай жеткізу көлемін айына 200 мың тоннаға дейін арттыруға мүдделі. Мамыр-қазан айларында Германияға мұнай экспортының айлық көлемі 100 мың тонна болса, қарашада 154 мың тонна жеткізілді. Жалпы, былтыр Қазақстан Еуропалық Одаққа жалпы экспорттық мұнай көлемінің жартысынан астамын – 46,6 млн тонна мұнайды жеткізді. Бұл туралы Румынияның Adevural газетіне берген сұхбатында Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев айтты.
«2023 жылдың соңына қарай Германияға 993 мың тонна тасымалданды. Неміс тарапы қазақстандық мұнайды жеткізу көлемін жылына 2,4 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүдделі. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Еуропалық Одақ елдеріне қазақстандық мұнай экспорты 46,6 млн тоннаны немесе қазақстандық мұнай экспортының 66 пайызын құрады. Қазақстан мұнайының жалпы экспорты 70,5 млн тоннаны құрады», - деді Энергетика министрлігінің басшысы.
Былтыр Дружба арқылы Шведт мұнай өңдеу зауыты бағытында Германияға 1,2 млн тонна мұнай жеткізілді. Оның айтуынша, неміс тарапы мұнай жеткізуді жылына 2 млн тоннаға дейін арттыруға мүдделі екенін растады. Қазақстан мұнайы негізінен Италия, Франция, Нидерланды, Румыния, Испания және басқа ЕО елдеріне экспортталады. Қазақстан 2021 жылы Еуропаға 49 млн тонна, 2022 жылы 45 млн тонна, 2023 жылы 52 млн тонна мұнай экспорттады.
«Қазақстан Еуропаға мұнайдың сенімді жеткізушісі болып табылады, оның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және біз мұндай ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделіміз. Қазақстан мұнайының Еуропадағы негізгі тұтынушылары Италия, Нидерланды, Греция, Франция, Түркия және Испания болып табылады», - деп қосты Сәтқалиев.