17 мамырда «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) алаңында Қазақстанға экспортты қаржыландыру жөнінде конференция өтті. Конференция қазақстандық өнеркәсіп пен технологияларды жаңғырту және Орталық Азия елдерімен және D-A-CH өңірімен (Германия, Австрия, Швейцария) іскерлік мүмкіндіктерді кеңейту бағытындағы мәселелерге арналды.
«Қазақстан – халықаралық агенттіктердің тарапынан жоғары кредиттік рейтингке ие ел. Мәселен, ағымдағы жылдың басынан бері елдің ЖІӨ 5%-ды құрады. Қазақстанның экономикалық тұрақтылығы халықаралық резервтермен қамтамасыз етіледі, осыған байланысты біз үшін елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру өте маңызды», деді премьер-министрдің орынбасары — қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Е. Жамаубаевтың айтуынша, Қазақстанда шетелдік капиталдың қатысуымен 40 мыңға жуық компания жұмыс істейді, ал 2022 жылы шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 28 млрд долларды құрады, бұл соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткіш.
«Қазақстанмен ортақ мәдени және экономикалық мүдделерге негізделген тығыз қарым-қатынас орнаттық. Біз Қазақстанда неміс компаниялары үшін инвестициялар саласында ғана емес, сонымен қатар технологиялар экспортында да үлкен әлеуетті көріп отырмыз. Германия мен Қазақстан арасында көптеген жылдар бойы белсенді сауда қызметі жүргізілуде, бұл негізінен салалардың кең ауқымы бойынша жүздеген қысқа мерзімді мәмілелер. Алайда, біз жаңартылатын энергия көздері, мұнай-химия секторы, сутегі өндірісі саласындағы жобалар бойынша ауқымды инвестицияларды белсенді қолдауға тырысамыз. Қазіргі уақытта біз осы жолдың басында ғана тұрмыз және қазақстандық серіктестермен келіссөздер жүргізіп жатырмыз», — деді Euler Hermes неміс экспорттық-кредиттік агенттігінің (ЭКА) басқарма мүшесі Эдна Шёне.
АХҚО әкімшілігінің атқарушы директоры Тимур Онжановтың айтуынша, Германияда 2019 жылдан бастап Орталық Азия жобаларын қаржыландыруға 1 млрд доллар көлемінде лимит ашылды. Мұндай бағдарламалар қазақстандық компанияларға төмендетілген мөлшерлемелер бойынша кредиттер алуға мүмкіндік береді.
«Қазір неміс компаниясының түтін газдарын тазарту қондырғыларын орнату және көміртекті талшықтарды өндіру бойынша 200 млн еуро сомасына инвестициялық жобасы келіссөздер сатысында тұр. Бұл жобаның әлеуеті зор, өйткені ол Қазақстан экономикасын декарбонизациялау процесінің мүдделеріне сай келеді. Біз халықаралық қаржы орталығы ретінде шетелдік инвестициялар ағынында қолдаушы рөл атқарамыз және қазақстандық бизнеске ұзақ мерзімді негізде көмектесе отырып, осындай жобаларды құрылымдауға дайынбыз», — деді директор.
Болашақта жоба ұшақ жасауда пайдаланылатын көміртекті талшықтарды одан әрі өндіру үшін тазартылған түтін газын алуға, сондай-ақ атмосфераға зиянды заттар шығарындыларының деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.
«Бүгінгі таңда АХҚО 75 елден 2000-ға жуық компанияның «үйіне» айналды. Бұған нормативтік-құқықтық орта ұсынатын бірқатар артықшылықтар, мысалы, жалпы құқық қағидаттарына негізделген қазіргі заманғы заңнамалық база ықпал етеді. Біз жаһандық ашықтықтың арқасында қолайлы режім құруға тырысамыз. Өткен жылы ЭЫДҰ есебін жариялады, онда АХҚО салықтық ашықтықтың жаһандық стандарттарына сәйкес келетін юрисдикция деп жариялады», — деді АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитетінің (AFSA) бас директоры Нұрхат Көшімов.
Конференцияның екінші күні 19 мамырда, сағ. 10:00-15:00, Алматы қаласы, Желтоқсан көшесі, 181 мекенжайындағы Intercontinental Almaty қонақ үйінде өтеді.
Іс-шара туралы толық ақпаратпен мына сілтемеден танысуға болады