Еуроодақ Транскаспий жолына 12 млрд доллар салмақ

Еуропалық одақ Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказды Еуропа нарығымен байланыстыратын «Орта дәлізді» (Транскаспий халықаралық көлік бағыты) дамытуға €12 млрд-қа дейін мемлекеттік және жеке инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Еурокомиссия президенті Урсула фон дер Ляйен мәлімдеді.

Ол 16 қыркүйекте Еуропарламентте Еуропалық одақтың қазіргі жағдайы туралы жыл сайынғы баяндамасын жасап, жаңа халықаралық көлік байланысы жобасының іске қосылатынын жариялады.

«Орта дәліз» Қытайдан Еуропаға Қазақстан, Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия және Түркия арқылы өтеді. Қазақстан осы бағыттың негізгі буындарының бірі саналады.

Фон дер Ляйеннің айтуынша, ЕО инвестицияларды Global Gateway стратегиясы арқылы жұмылдырмақ. Негізгі мақсаттар:

  • 2030 жылға дейін көлік бағыттарын әртараптандыру;

  • сауда ағындарын 3 есеге дейін арттыру;

  • жүктердің транзит уақытын айтарлықтай қысқарту.

Еурокомиссияның бұған дейінгі зерттеуінде Транскаспий бағыты бойынша сауда көлемі 2022 жылдан бері төрт есеге өскені айтылған. Қажетті инвестициялар салынса, сауда ағындарын 2030 жылға дейін тағы үш есеге арттыруға мүмкіндік бар.

Қазақстан үшін маңызы қандай?

«Орта дәліз» Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік хаб ретіндегі рөлін күшейтуі мүмкін. Бағыт ел аумағындағы теміржол инфрақұрылымын, порттарды, логистикалық орталықтарды және шекаралық өткізу бекеттерін дамытуға инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

ЕО бұл дәлізде тек жол мен теміржолды ғана емес, порттар, логистикалық хабтар, цифрландыру, кеден рәсімдері және сауданы жеңілдету тетіктерін де дамытуға бағытталған.

2026 жылғы маусымда ЕО мен Қазақстан Транскаспий көлік дәлізін дамыту жөніндегі ынтымақтастықты одан әрі күшейтуге келіскен болатын. Астанада өткен кездесуде көлік инфрақұрылымын дамыту және дәліздің тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.

Бағыттың жалпы ұзындығы шамамен 6 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде Каспий теңізі арқылы өтетін бөлігі бар. Қазақстаннан шыққан жүктер Ақтау мен Құрық порттары арқылы Каспийден өтіп, Әзербайжанға, одан әрі Грузия мен Түркия арқылы Еуропаға жеткізіледі.

Қазір дәліз арқылы контейнерлер, өнеркәсіптік жабдықтар, электроника, тұтыну тауарлары, ауыл шаруашылығы өнімдері, металдар және басқа да жүктер тасымалданады. Қазақстан мұнайының бір бөлігі де Каспий арқылы Әзербайжан бағытына жеткізіледі.

ЕО «Орта дәлізді» дамыту үшін Болгария премьер-министрімен бірге аймақтық көлік байланысы жөніндегі саммит өткізуді жоспарлап отыр.