«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері Арқалықтың әлеуетін зерделеуде. Кәсіпкерлердің қандай мүмкіндіктері бар, оларға қандай қолдау көрсету керек, өңірде қандай саланы дамыту керек екенін анықтау мақсатында мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірнеше рет іссапарға шықты. Ұлттық палатаның басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков сапардан кейін өзінің Facebook парақшасында Торғай ет өңдеу кәсіпорнының жүктемесі төмендігі және өңірдегі кәсіпкерлердің жалпы әлеуеті туралы жазды, деп хабарлайды atameken.kz .
Еліміздің ең ірі ет экспорттаушысы “Қайып ата” отандық компаниясы жылына 5000 тоннаға жуық етті шет елдерге экспорттайды. 15 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы бар компания , өз қажеттілігін қанағаттандыру үшін, бордақылау алаңының көлемін 50 мың басқа дейін ұлғайтуды көздеп отыр.
Ірі қара мал мен ұсақ малды кез келген көлемде, нарықтық бағамен алуға дайын компания, бүгіннің өзінде малды еліміздің түпкір түпкірінен жинап, бордақылап, ет зауытында өңдеп, 28 түрлі бөлшектеу деңгейіне жеткізуде.
Елімізде таңғаларлық жағдай орын алғанын атап өту керек. Бір жағынан ет өңдеу зауыттарында ет жетіспесе, екінші жағынан ауылдарда мал саны азаюда. Ет бағытындағы агросаясаттың қисық қисыны осыдан ақ көрініп тұр. Қытай нарығы ашылғанда жағдай тіпіт қиындай түсер.
Естеріңізде болса, осыдан бір ай шамасында біз Арқалық қаласына барып, жағдаймен танысқан блатынбыз. Қостанайда қуаттылығы 1500 бас ірі қара малға негізделген “Beef export group” заманауи ет өңдеу зауыты өз қуатынан 20-30% ға аса алмай жұмыс жасауда. Ал Арқалықтың өзіндегі “Торғай ет” зауыты да сол шамадан артық өңдеп отырған жоқ.
Торғай өңірі қой өсіруге тарихи да табиғи да бейімделген өңір. Кеңес заманы кездерінде бұл өңірде 800 мыңға жуық қой болған екен. Ал бүгінгі таңда 40 мыңға жетер жетпес. Мәселе ет зауыттарының беріп отырған бағасында да болуы мүмкін, барлық ет өңдеу зауыттары малды нарықтық бағаға ала бермейді, оның үстіне шаруалар үшін малын базарға апарып сата салу, артық құжатты да талап етпейді.
Мысалы, “Қайып ата” ЖШС бүгінде еттің бір келісін 2400-2600 теңгеге қабылдап отыр, бұл төмен баға деп айту қиын. Қалай болған күнде де кәсіпкерлік пен нарықтың қозғалтқыш күші - сұраныс пен баға. Сондықтан, еліміздегі ең ірі мал етінің экспорттаушысының бірі ретінде, компания басшысы Сырым Ертаев мырза, Торғай өңірінің мал шаруашылығын дамытуға қажетті сұраныс пен нарықтық бағаны қамтамасыз етуге атсалысатынын жеткізді.
Жуық арада ет өңдеу зауыттары мен ет экспортын жасап отырған компанияларды қатыстырып, Торғай өңіріндегі мал санын көбейтуді жергілікті шаруалармен талқылайтын боламыз.