Telegram мессенджері өзінің жарнама платформасын жасап шығарды. Бұл туралы мессенджердің негізін қалаушы Павел Дуров өзінің аккаунтында жазды.
Енді Telegra-да алдағы уақытта арналарда ресми жарнама хабарламалары шығып тұратын болды.
"Telegram арналарында қазір тек арна иелері ғана жарнама қоя алады. Ол әдеттегі хабарлама түрінде ғана. Ал алдағы уақытта Telegram-ның өзі қоятын ресми жарнамалар қолданушылар үшін барынша ыңғайлы болады. Одан түскен табыс қолданушылардың одан ары тегін және шексіз контент тұтынуына мүмкіндік береді", дейді Дуров.
Компания сайтына сүйенсек, ресми жарнамалар кемі 1 мың оқырманы бар арналарға салынады. 160 символға дейін шектеледі.
Жарнама берушілер тілді және арна тақырыбын таңдай алады. Сонымен қатар қай арналарға жарнама шығару керектігін немесе керісінше қайсыған шығармау керектігін де таңдай алады.
"Жарнаманың ең төменгі бағасы 1000 рет көрсеткенге 2 еуро. Көрсету ұзақтығы төленген ақыға қарай белгіленеді", делінген хабарламада.
Қазіргі таңда желіде ресми жарнамалар тестілік режимде. Жарнамалар толыққанды іске қосылғаннан кейін әлеуметтік желі табысты арна иелерімен бөлісе бастайды.