Мемлекет басшысы Қостанайда өтіп жатқан Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумында агроөнеркәсіп және экспорт әлеуетінің толыққанды пайдаланылмауына көп жағдайда көлік-логистика саласындағы шектеулер әсер етеді деген пікір айтты
Мысалы, логистика және қойма жүйесінің тапшылығына байланысты Қазақстан мен Ресейде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің шығыны 40 пайызға жуықтайды.
– Өнім сақтау инфрақұрылымын дамыту, соның ішінде элеваторларды, көкөніс, жеміс-жидек қоймаларын көбейту екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағытына айналуға тиіс. Қазақстан жуық арада климаттық бақылау жүйесі бар өнім сақтау қоймаларының сыйымдылығын 1 миллион тоннаға ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бізде Қытай, Үндістан, Таяу Шығыс елдері сияқты келешегі зор өнім өткізу нарықтары бар. Олардың азық-түлікке сұранысы ұлғая түскенін ескерсек, «Солтүстік – Оңүстік» көлік дәлізінің де рөлі күшейеді. Орталық Азия арқылы логистиканың жаңа бағыттарын дамыту және Қытаймен арадағы қазіргі көлік бағдарларының жүк өткізу мүмкіндігін арттыру ықпалдастықтың басым бағыттарының бірі бола алады. Осыған байланысты Каспий теңізіндегі Құрық және Ақтау порттарына ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Қытай бағытында «Достық – Мойынты» теміржол учаскесінің екінші жолын салу жобасын жүзеге асыруға кірістік. Жалпы, Қазақстанда алдағы үш жылда 1,3 мың шақырымнан астам теміржол салынады, – деді Мемлекет басшысы.
Президент заманауи аграрлық ғылымды дамыту және агроөнеркәсіп кешеніне инновацияны белсенді түрде енгізу ісін ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты ретінде атады. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан зерттеу университеттерінің рөлін күшейте отырып, «білім – ғылым – өндіріс» үштаған жүйесі аясында ғылым саласын реформалауды бастады. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен агроинновация орталықтарын құруды ұсынды. Олар жаңа технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні коммерцияландырумен және өндіріске енгізумен айналысар еді.
Бұдан бөлек, өзіміздің дақылдар тұқымын көбейту – тағы бір стратегиялық міндеттің бірі.
Қасым-Жомарт Тоқаев картоп пен қант қызылшасы сияқты негізгі дақылдар бойынша Қазақстандағы отандық селекцияның үлесі 10 пайызға жетпейтінін атап өтіп, қалыптасқан жағдайды шұғыл реттеуге шақырды.
– Өсімдік шаруашылығында минералдық тыңайтқыштардың жеткілікті деңгейде қолданылмауы проблемаға айналды. Қазақстанда ғылыми негізделген қажеттіліктің 25 пайызы ғана, ал Ресейде іс жүзінде үш есе көп өтеледі. Соның салдарынан ауыл шаруашылығы дақылдарының басым бөлігі бойынша Қазақстанның өнім алу көрсеткіші басқа жетекші аграрлық державаларға қарағанда әзірге айтарлықтай төмен. Ресей – әлемде ең ірі органикалық тыңайтқыш экспорттайтын елдің бірі. Өнім өткізу нарығының өзгеруіне байланысты Қазақстандағы Ресей тыңайтқыштарының импорты айтарлықтай артты. Мұның салдары отандық кәсіпорындарға әсер етіп отыр. Біз ЕАЭО-ның ішкі нарығында бір-бірімізбен бәсекелеспеуіміз керек деп санаймын. Біз бірлесе отырып, фермерлерімізге тыңайтқыштарды қол жетімді ету және сыртқы нарықтарға шығу жолдарын іздестіруіміз қажет. Қазақстан азық-түлік, тыңайтқыш және дақыл тұқымдары халықаралық санкциялық шектеулерге ілікпеуі керек деген позицияны ұстанады. Өйткені ол жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев таяу арада Қазақстанның машина жасау саласына көрсетілетін мемлекеттік қолдау шарасының бағыты кезең-кезеңмен өзгеретінін айтты. Алдағы уақытта техниканы ірі бөлшектерден ғана емес, бірте-бірте ұсақ бөлшектен құрастыратын аралас өндіріске басымдық берілетінін жеткізді.
Бұл ретте Президент еңбек өнімділігіне, импортталатын қосалқы бөлшектердің жергілікті өндірісін жолға қоюға және өнімді жұмыс орындарын ашуға баса мән беру маңызды екенін атап өтті.