Экология vs экономика: Күнбағыс майын өндірушілер жаңа нормативке неге наразы?

Экология vs экономика: Күнбағыс майын өндірушілер жаңа нормативке неге наразы?

Экология министрлігінің талаптары елдегі күнбағыс майының қымбаттауына және отандық өнімдерді импорттық тауарлар алмастыруына әкеп соғуы ықтимал. Отандық тауар өндірушілер осындай дабыл қағып отыр. Олардың айтуынша, қойылғалы жатқан жаңа талаптар тым қатаң.

Қазақстанның май-тоңмай саласына арналған үздік қолжетімді технологияларды (ҮҚТ) анықтамалығын әзірлеу 2026 жылы басталып, бүгінде аяқталу кезеңіне жетті. Құжатты әзірлеуге Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы (ХЖТИЖО) жауапты.

Талап қандай?

Өсімдік майын өндірушілер үшін ұсынылған эмиссия нормативтері әлемнің көптеген дамыған елдерінде қолданылатын талаптардан әлдеқайда қатаң болып шықты. Мәселен, азот оксидтері (NOₓ) бойынша белгіленген нормативтер Еуропалық одақтағы талаптардан 3,25 есе, ал Ұлыбританиядағы көрсеткіштен 2,5 есе қатаң. Сонымен қатар Еуропалық одақта көміртегі тотығы (CO), ал Ұлыбританияда күкірт диоксиді (SO₂) бойынша шекті нормативтер белгіленбейді, олардың орнына тұрақты мониторинг жүргізіледі.

Бұдан бөлек, май өңдеу кәсіпорындары үшін белгіленген талаптар еліміздегі атмосфералық ауаны ластаудың негізгі көздерінің бірі саналатын көмірмен жұмыс істейтін жылу электр орталықтарына қойылатын талаптардан да қатаң. Атап айтқанда, күкірт диоксиді (SO₂) бойынша нормативтер – 15 есе, ал азот оксидтері (NOₓ) бойынша 2 есе қатаң.

Сондай-ақ май өңдеу зауыттарынан шығатын органикалық шаң бойынша нормативтерді металлургиялық кәсіпорындарға қарағанда 10 есе қатаң белгілеу ұсынылып отыр. Бұл мұндай тәсілдің әділдігі мен ғылыми негізділігіне қатысты орынды сұрақтар туындатады. Себебі оның салдары түптеп келгенде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің өзіндік құны мен бағасына әсер етуі мүмкін.

«Бұл сала онсыз да барынша экологиялық режимде жұмыс істейді. Ал енгізілгелі отырған жаңа норма біздің өнімімізді кемі 30% қымбаттатып жіберуі мүмкін немесе тіпті өндірістер жабылып қалуы да ғажап емес. Ал оның салдары – еліміз күнбағыс майын шетелден импорттауға мәжбүр болады. Дүкен сөрелерінен отандық өнім жоғалып, жұмыс орындары жабылады», - деген «Qazaq-Astyq Group» ЖШС бас директоры Николай Ушаков Экология және табиғи ресурстар министрлігінен бұл мәселеде нақты өндірістегі кәсіпкерлердің мүддесін де ескеруді сұрайды.

Николай Ушаковтың айтуынша, биоотынмен жұмыс істейтін күнбағыс өндірушілерге қойылған бұл талап әділетсіз.

Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының төрағасы Ядыкар Ибрагимовтың пікірінше, жаңа норма тек күнбағыс майын өндіруші кәсіпорындар ғана емес, сонымен қатар фермерлерге ауыр тиюі ықтимал.

«Егер сала кәсіпорындары жаңа нормаға шыдамай жабылатын болса, фермерлер тауарын өткізе алмайды. Одан бөлек кері салдар құс және мал шаруашылығына да тиеді, өйткені, күнбағыс майын шығаратын зауыттар қосымша жоғары белокты жемшөп те өндіреді. Тиісінше, бір ғана норма әлеуметтік маңызы бар тамақтан бөлек, ауыл шаруашылығының бірқатар секторларына да әсер етеді. Яғни бұл ет, сүт пен жұмыртқаның қымбаттауына да алғышарт болады», - дейді қауымдастық төрағасы.

Май өңдеу кәсіпорындары, элеваторлар сияқты, ауыл шаруашылығы шикізатын егіс алқаптарынан қоспаларымен, қалдықтарымен және шаңымен бірге қабылдайды. Алайда элеваторлар мен астық қабылдау кәсіпорындарында мұндай қымбат ауа тазарту жүйелерін орнату, әдетте, талап етілмейді. Ал май өңдеу зауыттары жаңа нормативтерге сәйкестену үшін елеулі қосымша шығындарға баруға мәжбүр болады. Ядыкар Ибрагимовтың мәліметінше, ұсынылған нормативке сай, өндірістегі бір қазандықтың мұржасына орнатылатын сүзгі құны мен оны орнату шығыны 1 миллиард теңгеге дейін барады.

Құжатты кімдер қабылдаған?

Мәселе тек ұсынылып отырған нормативтердің өзінде ғана емес, оларды қабылдау тәртібінде де. Май өңдеу саласына арналған ҮҚТ анықтамалығын әзірлейтін техникалық жұмыс тобының құрамы саланың тең дәрежеде ұсынылу қағидатын сақтамай қалыптастырылған. Жұмыс тобының 21 мүшесінің ішінде май-тоңмай кәсіпорындарының өкілдеріне небәрі 3 дауыс немесе 14% ғана тиесілі болса, экологиялық ұйымдардың өкілдері 10 дауысқа немесе 48%-ға ие болды.

Қауымдастық мәліметінше, май-тоңмай өнімдерін өндірушілердің өкілдері бірнеше рет техникалық және экономикалық негіздемелерін ұсынғанымен, олардың көптеген ұсыныстары ескерілмеген. Керісінше, олар дауысқа салынып, әзірлеуші ұйымның ұсыныстары көпшілік дауыспен қабылданған.

Қауымдастық мәліметінше, әзірленген нормативтерді қалыптастыру кезінде дамыған мемлекеттердің стандарттары негізге алынғанымен, бұл елдердің бүгінгі көрсеткіштерге ондаған жылдар бойы кезең-кезеңімен жеткені, олардың заманауи технологияларға, арзан қаржыландыруға және қолайлы экономикалық жағдайларға ие болғаны ескерілмеген.

Сонымен қатар қазақстандық кәсіпорындардың нақты өндірістік мүмкіндіктері, қаржылық жағдайы, жаңа талаптардың өнімнің өзіндік құнына, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігіне, азық-түлік қауіпсіздігіне және инфляцияны тежеуге тигізетін ықпалы жан-жақты бағаланбаған.

Ең дамыған салалардың бірі

Бүгінде Қазақстанның май-тоңмай саласы агроөнеркәсіптік кешендегі ең қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі болып саналады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміз күнбағыс майын экспорттау көлемі жағынан әлемде алтыншы орынға ие болды және алдағы уақытта әлемдегі үздік үш экспорттаушы елдің қатарына кіруді мақсат етіп отыр.

Сонымен қатар Қазақстан Еуропалық одақ елдеріне күнбағыс шротын жеткізуші алғашқы үш елдің қатарына кіреді және Орталық Азия өңірін аталған өніммен толық қамтамасыз етіп отыр.

Алайда Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының бизнес қауымдастығының ұстанымы жеткілікті ескерілместен қабылданған бастамалары іске асырылған жағдайда, Қазақстанның әлемдік және ішкі нарықтағы қол жеткізген позицияларын жоғалту қаупі жоғары.

Сала өкілдерінің пікірінше, экологиялық талаптарды күшейту қоршаған ортаны қорғау мен өнеркәсіптің тұрақты дамуы арасындағы теңгерімді сақтай отырып жүзеге асырылуға тиіс. Сондықтан қабылданатын шешімдер экологиялық тиімділікпен қатар, олардың экономикалық салдарын, өндірістің нақты мүмкіндіктерін, инвестициялық ахуалды, азық-түлік қауіпсіздігін және халық үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің қолжетімділігін де ескеруі қажет.