EasyTap стартапының негізін қалаушы Мағзұм Төлеш Қазақстанның ірі IT-холдингінде коммерциялық директор болып жұмыс істеген. Стартапты құру идеясы оған жұмыс барысында желілік персоналдың (өндіріс, сауда және қызмет көрсету компанияларында негізгі функцияларды орындайтын қызметкерлер) жетіспеушілігі проблемасына тап болған кезде келді. Бүгінгі таңда EasyTap – бұл бизнеске «көк жағалылардың» жетіспеушілігін шешуге көмектесетін қызмет, ал жұмыс іздеушілерге икемді кестемен және апта сайынғы төлемдермен толық емес жұмыс күнін табуға көмектеседі. 

Сұхбат барысында ол қай қалаларда желілік қызметкерлер тапшылығы бар екенін, Бизнестің қызметкерлерді қалай тез жалдауға болатынын және алдағы 10 жылда HRTech саласында қандай тенденциялар басым болатынын айтты.  

Сіз EasyTap стартапын 2021 жылы іске қостыңыз. Бұл жалпы қандай бағдарлама және оны құру идеясы қалай пайда болды?

 2019 жылы мен Қазақстанның ірі IT-холдингінде коммерциялық директор лауазымында жалдамалы түрде қызмет атқардым. Жұмыс кезінде қарапайым жұмысшылардың, әсіресе кассир, жүк тасушы, курьер, тазалаушылардың жетіспеушілігін байқадым. Бұл жыл бойы жалғаса беретін, анық шешімін таппайтын тұрақты проблема еді. Қазақстанда қызмет беруші жұмыскерлердің тапшылығы қазір жылына 300%-ды құрап отыр. Тұрақты жұмыскерлерді таба алмау алаңдататын жағдай деп ойлаймын, ал екінші жағынан бұл бизнес бастама үшін тамаша мүмкіндік деп есептеймін. Өз кезегінде мен мұны өзім үшін бизнеске бастар жол деп ұқтым.   

2020 жылдың қаңтарында мен жұмыстан шығып, қазір серіктесіме айналған Темірлан Қабылбековпен бірге мәселенің шешімін іздей бастадық. Жарты жыл уақыт ішінде әртүрлі гипотезалар сыналды. Бір сәтте қызмет беруші компанияларға әрдайым, әсіресе демалыс немесе мерекелік күндері қызметкерлерге деген сұраныстың туатынын толық түсіндік те іске кірістік. Қазақстандағы қызмет беруші персоналдың 80%-ы – студенттер мен жастар немесе бос уақытында, демалыс күндері үйде жатпай қосымша ақша табуға асығатын өзге де адамдар тобы. Осындай санаттағы адамдардың көп екенін әрі бизнесмендер оларды тапсырыс толы қарқынды күндері іздейтінін ескеріп, ЕasyТap жобасы дүниеге келді. «Оңай тап» - өзің құрған кесте бойынша жұмыс істеп, ақша табуға тамаша мүмкіндік беретін онлайн қызмет. Біз компаниямызды 2021 жылы іске қостық. Содан бері шүкір табысты жұмыс істеп келеміз. 

Онлайн қызмет қалай жұмыс істейді?

Компания келісімге қол қойғаннан кейін мобильді қосымшаға қол жеткізе алады, белгілі бір орынға сағаттық жұмысшыларды жалдауға тапсырыс жасайды. Қосымшада жұмыс істегісі келген адамдар барлық қол жетімді жұмыстарды көреді, бос жұмыс орындарына жауап береді. Ауысым соңында компания менеджері жұмыс күнін немесе сағаттарын растайды және соның негізінде жұмысшы апта сайын өзінің банктік шотына жалақы алып отырады. Қосымша жұмысты өзіңізге ыңғайлы уақытқа және кез-келген күнге ыңғайыңызға қарап таңдауға болады.

Қызмет пайдаланушылар үшін қаншалықты қауіпсіз? Яғни, келісімшартқа қол қою қажет пе?

Сіз өзіңіздің және компанияның құқықтары қорғалатын онлайн келісімшартқа қол қоя аласыз. Қазір адамдардың құқықтарын қорғамайтын «қара» заңсыз жұмыс орындары аз емес. Сондықтан біз өз кезегінде компаниялармен келіссөздер жүргіземіз, жұмыс орнын зерттейміз, қандай еңбек жағдайлары ұсынылатынын зерделейміз.

Бұдан бөлек, біз «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркеліп тұрмыз. Стартаптар саласы инвестицияларды тартуды білдіреді, ал инвесторлар үшін қауіпсіздік – компанияға деген құқықты жоғалтпауға мүмкіндік беретін ең маңызды фактор. Бұл сіздің зияткерлік меншігіңізді дұрыс қорғауға, инвестиция тарту құралдарына ие болу мүмкіндігіңіз. АХҚО-да инвестицияларды тартудың қандай құралдары бар екендігі туралы нақты түсінік бар және біз оны өз компаниямызды дамыту үшін пайдаланамыз. Біз нарықтағы барлық басқа әріптестерімізге, басқа стартаптарға АХҚО-ны таңдауға кеңес береміз, өйткені бұл бизнесті бастау немесе жүргізу үшін ең тиімді алаң.

Онлайн-сервис жұмыстың алдында жұмысшыларды дайындай ма? Мысалы, егер менде тиісті жұмыс тәжірибесі болмай, жұмысқа барып қалсам, бұл компанияға кері әсер етіп қалмай ма?

Рейтинг жүйесі қызметкерлерді бағалауға мүмкіндік береді. Компания ауысым соңында қызметкердің жұмысын бағалайды. Кейбір компаниялар өз салалары бойынша мысалы өндірістегі тәжірибені талап етеді, ол тәжірибе резюмеңізде көрсетіліп тұруы керек. Сондай-ақ, қосымшаға біз жаңа өнімді, яғни нұсқаулық бейнелерді қосып қойдық. Пайдаланушылар белгілі бір позицияларда жұмыс істеуге рұқсат етілмес бұрын бейнелерді көреді және соңында сұрақтарға жауап беріп шығады.

Сонымен бірге кейбір жұмыс берушілер екі сағаттық практика өткізеді, осы кезде компания  жұмысшының тапсырманы қалай орындайтынын тексереді. Егер жұмысты атқара алмаса, компания тапсырыстан бастартып, екі сағаттық практика үшін де ақы төлемеуі мүмкін. Егер өз ісін сәтті орындаса, онда практикамен бірге бүкіл сағаты төленетін болады.

Бұған дейін сіз жобаны жүзеге асыру үшін алдымен идеяны сатыңыз, содан кейін дамытыңыз деген модельді таңдағаныңызды айтқан едіңіз. Мұндай модель стартап үшін қаншалықты сәтті және сіздің ойыңыз қазіргі кезде өзгеріп кеткен жоқ па?

 Пікіріміз еш өзгерген жоқ. Біз әрқашан таңертең сату, кешке өнім алу деп айтамыз. Стартап сіздің нарықта жоқ жаңа нәрсе істеп жатқаныңызды білдіреді. Егер сіз алдымен оны дамытып, содан кейін сатуға тырыссаңыз, онда сіз көп уақытты жоғалтып, өнімді нарыққа ұсынып, соңында нарық оны алмайтын жағдайға тап болуыңыз мүмкін. Сондықтан біз әрқашан өніміңізді сатып алу кезінде адамның түпкі мақсатын негізге аламыз. Біз содан  идеямызды дамытамыз. Ең бастысы, кейбір стартаптар көп нәрсені уәде етіп, іс жүзінде тапсырманы орындамау әрекетін сөзбе-сөз түсіну керек емес.

Стартаптың ілгері жылжуына әсер еткен қиындықтар туралы айтып бересіз бе?

 Алғашқы қиын жағдайға жұмыс істегенімізге екі-үш ай ғана өткенде тап болдық. Бұл 2022 жылдың 4 қаңтарында болатын. Осы уақытта Қазақстанда қайғылы қаңтар оқиғасы орын алып жатты. Он екінші қаңтарға қарай супермаркеттер ашыла бастағанда кәсіп иелеріне шұғыл қызметкерлер қажет болды. Ал Алматыда әлі де тосқауыл бекеттері тұрып, қозғалыс шектеулі еді. Ал қажетті жұмыскерлердің 80 пайызға жуығы қала сыртында тұрады. Біздің барлық серіктестеріміз, компания басшылары бізге үздіксіз телефон соғып,  жұмыс күшін тез арада тауып беруге өтінді. Біз тәуекелге барып, қандай да бір жолмен  күрделі мәселені шешуіміз керек екенін түсіндік. Бірақ бәрі ойдағыдан да оңай шешілді. Мен Instagram-дағы стористе қосымша жұмыс туралы шағын жазба қалдырған едім, небәрі екі сағаттың ішінде мың жарым адам табыла қалды. Бұған дейін соншама өтініштер түсіп жатқанда біз үшін қиын сәт болған еді, бірақ осының арқасында біз көп нәрсені білдік, үйрендік, тәжірибе алдық. Бізге жақсы болды десе болады. Енді біз қалай тез шешім қабылдау керек, керек кезде мәселені «қолмен» де шешуге болатынын білдік.  

Қазір бүкіл Қазақстан бойынша айына қанша бос орын вакансиясы толтырылады және қай қалалар қызмет көрсету жұмысшыларына көбірек зәру?

 Бүгінгі таңда біз ай сайын бүкіл Қазақстан бойынша 5 мыңнан астам адамды қосымша жұмыспен қамтамасыз етіп келеміз. Олардың ішінде студенттер және қосымша ақша тапқысы келетін қосымша уақыты бар өзге қоғам өкілдері бар. Біздің қосымшаны пайдаланушылардың 65%-ы әйел адамдар. Біз мүмкіндігі шектеулі жандарды да жеңіл жұмыс түрлерімен қамтамасыз етеміз, зейнеткерлікке шыққан жандар да бізде аз емес.  

Қалаларға қатысты сұраққа жауап берсем, көп нәрсе халықтың тығыздығы мен жалақы мөлшеріне байланысты. Қызмет көрсету саласының қызметкерлеріне аса мұқтаж өңірлер мен қалалар арасында Алматы мен Астана бірінші орында тұр. Бірақ тұтастай алғанда, желілік персоналдың жетіспеушілігі мәселесі бүкіл Қазақстанда байқалады.

HRTech саласындағы үздік әлемдік тәжірибелер туралы айтып беріңізші және 10 жылдан кейін нарықты қалай көресіз?

Қазақстанда гиг-экономика (сағаттық жалдамалы жұмыс), part-time (жартылай жүктеме) саласы тек даму кезеңінде ғана. Өзге елдермен салыстырсақ, тек қана Америкада 2022 жылы еңбекке қабілетті халықтың жартысына жуығы сағаттық жалақымен жұмыс істеген. Малайзияда гиг-экономиканың пайызы қазірдің өзінде 25%-дан асады, ал Қазақстанда ол тіпті 5%-ға жетпейді. Осыған байланысты трендтер, инновациялар бойынша біз сыртқы нарықтарға қарап бағыт аламыз.

Мен Батыс Еуропа, Латын Америкасы, Солтүстік Америкалықтарға сағаттық жұмыс ұсынатын Job&Talent компаниясын жақсы тәжірибенің үлгісі ретінде атай аламын. Олар біз үшін кадрларды жалдау саласындағы эталон болып табылады. Дегенмен біз Glocal: global+local деп аталатын тұжырымдамамызды ұстанамыз. Өнімді әзірлеу кезінде жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, сыртқы нарықтан да көп нәрсе үйренеміз. 

Менің ойымша, болашақта жасанды интеллект құралдары біздің өміріміздің басты бөлігіне айналады, сондықтан оны пайдалану мен реттеу тетіктерін құру қазірден бастап маңызды.

HRTech-тің басты бағыт алған жолы оқыту болады. Енді адамдар басқа дағдыларды тез үйрену қабілетіне ие болуы тиіс. Мысал ретінде айтар болсақ, мен қазір саудамен айналысамын дейік, осы ретте мен болашақта сөредегі тауарларды көрсететін роботты немесе бағдарламаны басқаруды үйренуім керек. Тапсырмаларды автоматтандыру кезінде олардың кірістілігін қалай арттыру керектігін ескеру қажет.

Жалпы экономикаға қатысты әлемде бола беретін оқиғалардың екі нұсқасы бар: жаһандық өсу немесе оның жаһандық құлдырауы. Екі жағдайда да компанияларға part-time түріндегі жұмысшылар қажет болады. Неге деген заңды сұрақ туады. Компанияда жағдай жақсы болмаған кезде, сұранысқа қарай өзіңізді икемдеп, адамдарды белгілі бір тапсырма үшін аз уақытқа ғана алуыңыз керек. Компанияда жағдай тұрақталып, жүктеме өскенде тұрақты уақытқа көбірек қызметкерлерді тарту қажеті туындайды. Сондықтан мен HRTech Қазақстанда әлі де дами беріп, өзгерісте қарқын алатынына сенімдімін.  

EasyTap-ты шетелдік нарықтарда іске қосу жоспарлары бар ма және оның бизнес-моделі ұқсас бола ма?

Алдағы жылдары Орталық Азиядағы нарықты түгелдей алуға мақсат етіп отырмыз. Біз қазіргі кезде бауырлас ел Қырғызстанда өз пилоттық жобамызды іске қостық, бастама жаман емес, алғашқы клиенттеріміз де пайда болды. Ендігі  қадам – өзбек ағайындарға шығу. Біз өз әлеуетімізге сенеміз және әрі қарай қызмет салаларын кеңейтуді жоспарлаудамыз. Оның ішінде кіші медициналық персоналды жалдау қызметі бар, өйткені осында қызметкерлер тапшылығы айтарлықтай байқалады. Сондай-ақ, онлайн-мамандықтар мен онлайн-білім беру саласындағы кемшін тұстарды көріп жатырмыз, оның орнын да толтыру - міндетіміз деп білемін. Бірте-бірте біз жылдамдық пен нәтижеге назар аудара отырып, cоған қарай батыл қадам жасап келеміз.