Қазақстанда цифрландыру және технологияны дамыту үдерісі қатты «тоқырауда». Мысалы, 2019-2021 жылдар аралығында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) құнының өсуі байқалды, ал 2021 жылдың соңына қарай олардың көлемі 443,1 млрд теңгеге жетті. Дегенмен, еліміздің ІЖӨ-дегі АКТ-ға жұмсалған қаражаттың үлесін қарастыратын болсақ, оның ұзақ мерзімді динамикасында өспей ғана емес, тіпті төмендеп, 2016 жылдан бері 0,6%-дан аса алмай отырғанын көреміз, деп хабарлайды finprom.kz.
Сонымен қатар, еліміздегі АКТ шығындарының ең үлкен үлесі ақпараттық технологияларға қатысты бөгде ұйымдар мен мамандардың (аутсорсинг) қызметтері үшін төленеді. 2021 жылы бұл жалпы шығындардың үлесі 43%-ын құрады.
Әлеуметтік-экономикалық дамуға да әсер ететін цифрландыру саласындағы инвестиция көлемінің тиімділігін бағалау үшін АКТ саласына қатысты тауарлардың экспорты мен импорты сияқты көрсеткіштер де қарастырылды. Осылайша, экономикасы жеткілікті дамыған басқа елдермен салыстырғанда Қазақстанда мұндай тауарлар экспортының жалпы экспорттағы үлесі өте төмен болып қалып отыр: бар болғаны 0,1%. Бұл ретте Сингапурда – 33,7%, Оңтүстік Кореяда – 28,9%, Қытайда – 27,1%, Израильде – 14%, Латвияда – 10,9%.
ҚР-а АКТ саласын дамытуда проблемалар жеткілікті. Бұған жауаптылар да көп. Жуырда ғана ұзақ талқылаулар мен түсіндірулерден кейін елімізде «Зерде» ұлттық ақпараттық коммуникация холдингі таратылды. Холдингтің өз міндетін атқара алмағаны мен оның қажеттілігі туралы көп айтылды. Бұл ретте, еліміздегі АКТ-ны дамытуға жауапты басты тұлға – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (ҚР ЦДИАӨМ) екенін ұмытпаған жөн.
Соңғы жылдары цифрландыруды дамыту 2018-2022 жылдарды қамтитын «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Мемлекеттік бағдарламада бес бағыт бойынша 12 нысаналы индикатор мен 26 тиімділік индикаторына қол жеткізу бойынша 125 іс-шараны жүзеге асыру көзделген болатын. 2018-2021 жылдар кезеңінде мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға 207,8 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 82,7 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 29,9 млрд теңге және басқа көздерден – 95,2 млрд теңге жұмсалды.
Мәселен, 14 ХҚКО-да 23 ақпараттық жүйені әзірлеуге көзделген цифрландыру тапсырмасы аясында ақпараттық жүйелерді құру және дамыту құны 15,5 млрд теңгені құрады. Оның ішінде әзірлеуге 971,2 млн теңгені құраған 8 ақпараттық жүйе (ҚМ – 2 АЖ, МСМ, ҚМ, ЭГТРМ, ЦДИАӨМ, БҒМ, ӘМ) мерзімінде аяқталмай, басқа бағдарламалық құжаттарға көшірілген, олар өз кезінде өз кезегінде бюджет қаражатының қосымша жұмсалуына және іс-шаралардың орындалуын кешіктіруге әкеп соқты. 4 ақпараттық жүйені дамыту (ІІМ – 2 АЖ, БҒМ, «ҰАТ» АҚ арқылы ЦДИАӨМ) одан әрі мақсатқа сай келмеуіне байланысты тоқтатылды.
Осылайша, ақпараттық жүйелерді құру бойынша шараларды орындамау немесе уақтылы орындамау оларды алдын ала талдау, жоспарлау және мүдделі тараптармен келісу сатысында әзірлеудің жеткіліксіз деңгейін көрсетті. Олардың өзектілігін жоғалтуға байланысты кейіннен бас тарту жұмсалған ресурстардың (еңбек, уақыт және қаржылық) тиімсіздігіне әкеп соқты.
Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру тиімділігінің әлсіздігі ең алдымен мониторинг пен деректерді талдауға байланысты. Есеп комитетінің есебіне сәйкес, ЦДИАӨМ және басқа да орталық мемлекеттік органдар тексеру барысында ақпараттандыру саласындағы шығындар мен қол жеткізілген нәтижелер туралы толық ақпарат бермеген. Жағдайға мемлекеттік органдардың бірнеше рет қайта құрылуы да кері әсерін тигізді, оның барысында мұрағаттық істерді беру тәртібі сақталмайды.
Сондай-ақ, ЦДИАӨМ орталық мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың және квазимемлекеттік сектордың ақпараттық жүйелері бойынша ақпараттың сенімді есебін қамтамасыз етпегені атап өтілген.
Мәселен, 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, ЦДИАӨМ ақпараты бойынша сәулет порталында 339 ақпараттық жүйе есепке алынған, алайда «Зерде» холдингінің мәліметі бойынша, олардың саны 640, яғни айырмашылық 301.
Сонымен қатар, кей жағдайларда ақпараттық жүйелерді ұстауға арналған бюджеттік шығындар оларды әзірлеуге кететін шығындардан асып түседі. Мәселен, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ақпараты бойынша 2013-2021 жылдар аралығында ақпараттық жүйелерді дамытуға жалпы құны 1 556,6 млн теңгені құраса, оларды ұстауға және басқаруға 8 318,6 млн теңге жұмсалды. Яғни, шығыны нақты құннан 5 есе артық.
Тұтастай алғанда, ЦДИАӨМ «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуге жауапты орган ретінде, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен басқа да бірлесіп орындаушы ұйымдар мемлекеттік бағдарламаның бірқатар іс-шараларының уақтылы орындалуын қамтамасыз етпеген.
2018-2021 жылдарға арналған іс-шараларды іске асыру туралы ақпаратқа сәйкес, (2021 жылға алдын ала деректер 2021 жылғы 1 қарашаға берілген), 125 іс-шараның ішінде:
• 88 іс-шара белгіленген мерзімде аяқталды;
• Мерзім сақталмағандықтан 16 шара ішінара орындалды;
• 11 іс-шара мемлекеттік бағдарламада белгіленген мерзімде орындалмады (мерзімнен тыс орындалды немесе іске асыру сатысында);
• 10 іс-шара түрлі себептермен (орынсыздығы, қаржыландырудың болмауы, заңнамадағы өзгерістер, техникалық-экономикалық негіздеменің мерзімінің өтуі және т.б.) бойынша орындалмады.
ЦДИАӨМ мен «ҰАТ» АҚ-ның тиімсіз басқарылуына байланысты «Smart Contract», «Е-Заң көмегі» бірыңғай құқықтық көмек ақпараттық жүйесі, Бірыңғай байланыс орталығында 987,9 млн теңгенің тиімсіз және болашағы жоқ инвестициялық жобалар бар.
Мемлекеттік тапсырма аясында есептеулерді асыра бағалау кесірінен 216,5 млн теңге сомасында бюджет қаражаты негізсіз жоспарланған және пайдаланылған, бұл бюджет заңнамасының бұзылуына әкеп соқты.
Тұтастай алғанда, ҚР-да ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында технологиялық сипаттағы стартаптар құруға және адам ресурстарының әлеуетін дамытуға себеп болатын прогрессивті ақпараттық технологиялар инфрақұрылымы мен сапалы институттар құру мүмкін болмады. Бизнес ортаны дамыту,білім беру сапасын арттыру және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында инновацияларды енгізу үшін жағдайлар жеткілікті түрде әзірленбеген.