Қазақстанда мультибрендті Astana Motors Manufacturing Kazakhstan (AMMKZ) зауыты іске қосылды. Кәсіпорын алғашқы Chery, Changan және Haval автокөліктерін құрастырып үлгерді. Осыған орай Astana Motors 16 қыркүйектен бастап бұл маркалардың бағасын 7–15%-ға төмендететінін жариялады, деп жазады Forbes.kz.
Astana Motors негізін қалаушы Нұрлан Смағұловтың айтуынша, локализация деңгейінің артуы өндіріс құнын азайтып, көліктерді қолжетімді етпек.
Өндірістік қуат және технологиялар
Зауыттың жобалық қуаты – жылына 120 мың автомобиль. Бүгінде мұнда 1700 адам еңбек етсе, толық жүктемеде 3600 жұмыс орны ашылмақ.
Жабдықтың негізгі жеткізушілері – Automotive Engineering Corporation (Қытай), сондай-ақ ABB (Швеция–Швейцария), Bosch (Германия), Fanuc (Жапония), Siemens (Германия) сияқты әлемдік брендтер.
Инвестиция мен серіктестік
Жобаға салынған инвестиция көлемі 202 млрд теңгеден асты. Оның 37%-ы – Astana Motors-тың өз қаржысы, 63%-ы – ҚР Даму банкі мен Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы алынған несие. Құрылыс жұмыстары 2022 жылы басталып, 2023 жылы Қытайда қол қойылған технико-лицензиялық келісімдерден кейін қарқын алды.
Айта кетсек, ресми автодилерлер жаңа көліктердің бағасын төмендетуді жалғастыруда. Kia көліктері 4 млн теңгеге дейін арзандады. Бұған дейін BYD, Changan, Chery және Hyundai маркалары арзандағаны жарияланған еді. Одан кейін Қазақстанда Hyundai Elantra седанына жеңілдіктер жарияланған болатын.