Биылғы қазан айына дейін қазақстандық банктердің активтері бір айда 205,7 млрд теңгеге, жыл басынан бері 4,1 трлн теңгеге және бір жылда 6,2 трлн теңгеге көбейіп, 41,7 трлн теңгеге жетті, деп хабарлайды finprom.kz.
Активтердің өсімі бойынша еліміздегі ең ірі банк Halyk Bank көш бастап тұр: бір айда бірден 234,7 млрд теңге, жыл басынан бері 916,5 млрд теңге және бір жылда 1,1 трлн теңгеге көбейіп, 13,6 трлн теңгеге жетті. Бұл қаржы институты банк секторының барлық жиынтық активтерінің үштен бірін және ҚР ЕДБ несие портфелінің 34%-дан астамын құрайды.
Банктің несие портфелі қазірдің өзінде 7,6 трлн теңгеге жетті, бұл бір жыл бұрынғыдан 2 трлн теңгеге артық. Halyk Bank-те жеке тұлғалар мен бизнеске арналған несие өнімдерінің кең ассортименті бар, бұл ретте банк портфелінің сапасы жылдан-жылға жақсарып келеді: мысалы, мерзімі 90 күннен асып кеткен (NPL 90+) несие үлесі жалпы несие портфелінің бір жыл бұрын 3,2%-ын құраса, қазір небәрі 2,3%-ын құрайды. Бұл еліміздің банк секторындағы ең жақсы көрсеткіштердің бірі. Салыстыру үшін: жалпы ҚР ЕДБ бойынша бұл көрсеткіш бір жыл бұрын 4,3% болса, қазір 3,6%.
Активтердің ай сайынғы өсімі бойынша екінші орынды ЦентрКредит Банкі иеленді: 225,6 млрд теңгеге көбейіп, 3,6 трлн теңгеге жетті. Бір жыл ішінде өсім 1,6 трлн теңгені құрады. Соңғы айлардағы банк көрсеткіштерінің өсімі бұрынғы Альфа-банкті сатып алып, аты Eco Center Bank болып өзгерген қаржы институтын иемденуіне байланысты.
Ай сайынғы өсім бойынша алғашқы үштікті Фридом Финанс Қазақстан Банкі түйіндейді. Алғашқы ондыққа кірмейтін банк бір айда активін 201 млрд теңгеге көбейтіп, 942,6 млрд теңгеге жеткізді.
Ай сайынғы динамикада актив көлемі алғашқы ондықтағы екі банкте, жалпы алты банкте төмендеді. Ең нашар көрсеткішті Bereke Bank көрсетті. Активі 1 трлн теңгеге азайып, 1,6 трлн теңге ғана болып қалды. Бір жыл ішінде банк бірден 2,4 трлн теңге активінен айырылды.
Жалпы, күрделі геосаяси жағдайға және бүкіл әлемде әлі де жалғасып жатқан «коронадағдарысқа» қарамастан, ҚР банк секторы тұрақты өсу үрдісін сақтап отыр. Активтердің көлемі биыл наурыз-мамыр айларында біршама құлдыраудан кейін маусым айынан бастап ай сайын қайта өсіп келеді. Ұзақ мерзімді болашақта көрсеткіштер 2019 жылдан бастап тұрақты өсуде.
Банк секторының активтерінің сапасы да жақсаруда. Атап айтқанда, несие портфеліндегі NPL 90+ мерзімі өткен несиелердің үлесі ең төменгі деңгейге дейін түсіп, өткен жылдың қараша айынан бері ешқашан 4%-дан аспаған.