Былтыр мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістікке жұмсалған шығын Қазақстанның республикалық бюджетінің барлық шығынының 1,2%-ын құрады (2022 жылы 1,4%), деп хабарлайды economy телеграм арнасы.
Мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістікке жұмсалған шығын сомасы 2023 жылы 7,7%, 259,4 млрд теңгеге дейін ұлғайды (2022 жылы 240,8 млрд теңге).
Шығынның осы түрінің көп бөлігі – 2023 жылы 40,7%-і спортқа (жоғары жетістіктер спортын дамыту, бұқаралық спортты және ұлттық спорт түрлерін дамытуды қолдау), 30,6%-і (79,4 млрд теңге) – ақпараттық кеңістікке (мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу, ғылыми-тарихи құндылықтарға, ғылыми-техникалық және ғылыми-педагогикалық ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ету және т.б.), 20,8%-і – мәдениет саласындағы қызметке (мәдениет және өнер саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен дәріптеу және архив ісін іске асырудың тиімділігін арттыру, ономастикалық және геральдикалық қызметті дамыту), 6,7%-і – мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістікті ұйымдастыру жөніндегі өзге де қызметтерге (мәдениет және ақпарат саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру, мемлекеттік жастар және отбасы саясатын іске асыру және т.б.), 1,2%-і – туризмге (ұлттық туристік өнімді қалыптастыру және оны халықаралық әрі ішкі нарықта ілгерілету, Щучье-Бурабай курорттық аймағында туристік имиджді қалыптастыру, туризм мен туристік қызметті дамытуды ынталандыру) бөлінді.
2023 жылы жергілікті бюджеттердің шығыны құрылымында мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістікке жұмсалған шығын 4,9% құрады (2022 жылы 4,8%). Абсолюттік мәнде шығынның осы түрінің сомасы 2022 жылмен салыстырғанда 26,7%ұлғайды және 2023 жылы 629,8 млрд теңгеге жетті (2022 жылы 497,1 млрд теңге).
Былтыр шығынның ең көп үлесі Алматы қаласына – 10,5% (2022 жылы да соншалықты), Түркістан қаласына – 8,6% (2022 жылы 10,4%) және Қарағанды облысына – 7,7% (2022 жылы 7,4%) тиесілі болды. Ең аз үлес Ұлытау облысында – 1,8% (2022 жылы 1,1%) және Абай облысында – 2,6% (2022 жылы 2,1%) тіркелді.