Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы Жолдауында әлемдегі геосаяси жағдайға тоқталды.
«Биыл айтулы даталарға толы жыл болды. Ең бастысы, Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толды.
Мәскеуде және Бейжіңде өткен салтанатты іс-шаралар адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстың ондаған миллион құрбаны әлем халқының жадында мәңгі қалатынын аңғартты. Сондай-ақ бәрімізді сол бір қанды қырғынға қайта баға беруден және жаңа дүниежүзілік соғыс бастауға ұмтылудан аулақ болуға шақырды.
Барлық ел өсіп-өркендеу үшін бейбітшілікті сақтап, ортақ мәмілеге келе білуі керек. Мың шыж-быждан бір сіз-біз артық.
Сол себепті Қазақстан Аляскада өткен Ресей-АҚШ саммитінің нәтижесіне, сондай-ақ Вашинтонда Президент Трамптың арағайындығымен Әзербайжан мен Арменияның бейбітшілік туралы декларацияға қол қойғанына қолдау білдірді.
Екінші айтулы дата – Екінші дүниежүзілік соғыстың басты институционалдық қорытындысы саналатын Біріккен Ұлттар Ұйымының 80 жылдығы.
Біріккен Ұлттар Ұйымына әлі күнге дейін еш балама жоқ. Қазақстан оны көкейкесті халықаралық мәселенің бәрін әділ шешу жолындағы негізгі келіссөз орны бола беруге тиіс деп санайды.
Дегенмен Біріккен Ұлттар Ұйымын, әсіресе, оның ең басты органы – Қауіпсіздік Кеңесін реформалайтын кез келді.
Мен жақында Нью-Иорк қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясында сөз сөйлеймін. Басқосуда халықаралық ахуалға, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалауға қатысты Қазақстанның көзқарасын білдірмекпін», – деді ол.
Президент әлемде жаңа геосаяси тәртіп орныға бастағанын атап өтті.
«Қазір дүние жүзі жаңа тарихи дәуірге қадам басты. Бұл дәуірдің барша адамзат үшін оңай болмайтыны анық. Алпауыт елдер мен халықаралық одақтар арасындағы қарама-қайшылықтардың ауқымы өсіп бара жатыр. Халықаралық қатынастағы шиеленістер мен озбырлықтың салдарынан қақтығыстар мен соғыстар белең алды. Кейбір мемлекеттердің ішкі және сыртқы саясатында әсіре ұлтшылдық күшейді.
Әлем экономикасында теңсіздіктер мен қайшылықтар ушыға түсті. Кейбір мемлекеттер экономикалық дамуда артта қалып, кейбір елдер жасанды интеллект саласында теңдессіз табысқа жетуде.
Халықаралық құқықтың мән-маңызы кете бастады.
Ал Біріккен Ұлттар Ұйымы өзінің рөлі мен мәртебесіне сай қазіргі басты түйткілдерді шешуге қауқарсыз болуда.
Экологиялық және техногендік апаттардың кесірінен түрлі елдердің экономикасы орасан шығынға батуда.
Батыстағы этносаралық-дінаралық үйлесім мен мәдени әралуандық тұжырымдамасы дағдарысқа ұшырады. Жаһандық деструктивті күштер ұлттық мәдениеттер мен дәстүрлердің іргесін шайқауда.
Босқындардың саны көбейіп, көші-қон дағдарысы туындады. Адам саудасы, қару-жарақ пен есірткі саудасы да өршіп тұр.
Бұрын-соңды болмаған мүлде жаңа сын-қатерлер күллі адамзаттың қауіпсіздігіне нұқсан келтіруде. Тіпті, жасанды интеллектіні пайдаланып, аса қауіпті қару жасайтындар пайда болды. Геосаяси ахуалдың түбірімен өзгере бастағанын аңғартатын басқа да факторлар аз емес. Қысқаша айтсақ, әлемде жаңа геосаяси тәртіп орныға бастады», – деді ол.