Араға екі айға жуық уақыт салып, Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешімін жария етті. Ақша-несие саясаты комитетінің дәстүрлі отырысында қазіргі базалық мөлшерлемені, яғни 14,25% деңгейін сақтап қалу туралы шешім қабылданды. Бас банктің түсіндіруінше, ортамерзімді келешекте инфляция бойынша 5%-дық мақсатқа жету үшін ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын ұзақ уақыт бойы ұстап тұруға тура келеді.
Шикі шешімнің құны қымбат
Иә, негізі ішкі жағдай да, сыртқы ахуал да бір қарағанда базалық мөлшерлемені алаңсыз төмендетуге мүмкіндік беретін секілденеді. Әрі жыл басынан бері базалық пайыздық мөлшерлеме тұрақты түрде төмендеді. Былтыр жыл соңына 15,75% болған мөлшерлемені Ұлттық банк қаңтардың соңын ала 15,25%-ға төмендетті. Одан соң ақпанның аяғында 14,75% қылып бекітті. Сәуірде осы деңгейді ұстап қалғанымен, маусымда 14,50% межесіне түсірді. Шілде ортасындағы отырыста базалық мөлшерлемені 14,25% деңгейіне төмендетуге пәтуаласты.
Бұл аралықта нарықтағы ахуал адам шошырлық дәрежеде бола қойған жоқ. Бәрі де жайлы, бәрі де қолайлы сияқты көрінген және расында, солай болатын. Ұлттық банктің былтырдан бері қатаң ақша-несие саясатын біршама жұмсарта бастағанына куә болып келеміз. Соған қарамастан қаржы реттеушісі тізгінді біржола босата да қойған жоқ-ты. Жіберіп, тартып, нарық аңдысын аңдап келе жатыр. Олай істемеске амал да жоқ. Өйткені нарықтың тоңы қай күні жібіп сала беретінін, не болмаса қай сәтте арқаны аяздай қарып өтетінін ешкім де нақты болжап біле алмайды. Нарық сонысымен нарық.
Басқа елді қайдам, дәл бізде инфляцияны еркіне жіберіп алар болсақ, қарапайым халықтың қалтасына оңай тимесі белгілі. Бас банк бірінші кезекте осыны қаперге алады. Онымен қоса, соңғы екі жыл бедерінде жоғары базалық мөлшерлеме көмегімен инфляцияны ілдебайлап төмендетіп, айтқанымызға көндіріп, айдағанымызға жүргізіп келе жатып, оқыста екі тізгін, бір шылбырдан айырылып қалсақ онда екі жылғы еңбек желге ұшпай ма?
Инфляция әлі де тәуекел аймағында
Мысалы, биыл қаңтарда жылдық инфляция мәні 9,5% болып тұрды. Ақпанда – 9,3%, наурызда – 9,1%, сәуірде – 8,7%, мамырда – 8,5%, маусымда 8,4% болды. Алайда шіліңгір шілдеде жылдық инфляция күрт жеделдеп, 8,6% деңгейінде қалыптасып шыға келді. Әрине, баға өсімінің бұлай құбылуы белгілі бір деңгейде тәуекел тудырады. Мақсатымыз орта мерзімде инфляцияны 5%-ға дейін түсіру екенін ескерсек, 8,6%-ға кілт жоғарылауы аздап алаң туғызады. Шілдедегі инфляция өсімінің өзі Ұлттық банк болжамының шегінде. Оны өздері де ашық айтып отыр.
«Айлық инфляция мен оның орнықты бөлігі едәуір қарқын алды. Халықтың инфляциялық күтулері маусым айында өскеннен кейін өзгеріссіз қалды. Дамыған елдердегі орталық банктердің тежеу саясаты нәтижесінде жаһандық инфляция баяулап келеді. Фискалдық ынталандыру көлемінің өсуі, тұрғын-үй коммуналдық қызметтерінің (ТКҚ) реформасы аясында тарифтер өсуінің жалғасуы, орнықты ішкі сұраныс, сондай-ақ жоғары инфляциялық күтулер есебінен экономикада проинфляциялық қысым күшейді», деп мәлімдейді олар.
Осыған қарап және біраздан бергі ойларын ортаға салып, көптеген сарапшы Ұлттық банк тап осы жолы базалық мөлшерлемені төмендетуі керек еді деген ой айтады. Бір қырынан қарағанда, онысы орынды ұсыныс секілді. Бірақ мәселеге тереңнен үңілер болсақ, қазір асығыстыққа жол беруге болмайтынын байқаймыз.
Себебі қазіргі уақыт – жаңа маусымның басталар шағы. Қара күз – өзгерістер кезеңі. Саясатта да, нарықта да. Жылыту маусымының жақындаған шағында коммуналдық қызметтер мен отын-энергетика құны өсіп шыға келеді. Оқу жылының басталуы да базардағы бағаны құбылтпай қоймайды. Көкөніс пен жеміс-жидек терімі тәмам болып, қоймалар селдіреп, импорттық өнімдердің бәсі арта бастайды. Ол міндетті түрде қымбатшылыққа алып келеді. Күзде азық-түлік бағасы бәрібір қымбаттайды.
Түпкі мақсат – 5%-дық меже
Мұндай өліара шақта базалық мөлшерлемені төмендетіп, онсыз да әрең тежеліп тұрғанын ақша ағынының нарыққа шамадан тыс келуіне жол беріп алуға болмас еді. Онсыз да Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесе отырып Ұлттық банк жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін төмендетті. Сөйтіп, несие алу құны аздап болса да азайды және үстемеақы да белгілі бір мөлшерде төмендеді. Мұның өзі несие алсам деп ниет етіп жүрген азаматтардың тәбетін ашар мүмкіндік. Дәл қазір осы мүмкіндіктің өзі жетіп жатыр. Енді оған қосымша етіп базалық мөлшерлеме құнын төмендетіп жіберу артық әрекетке баланса керек. Мұны Ұлттық банк дәл байыптап отыр.
Бас банк бұған дейін де сынаушылармен санаса қойған жоқ. Соның нәтижесінде инфляцияны иілдірді. Демек, сол кездегі қатаң саясат жемісін берді. Енді қазіргідей жағдай біршама оң қырына аунаған кезеңдегі шешімін де сабырмен қабыл алған жөн секілді. Ертеңгі күні инфляцияның мақсатты дәлізге жақындағаны анық болса, мөлшерлеме онсыз да төмендетіледі.
Шындап келгенде, базалық мөлшерлемені төмендете салу түк те қиын шаруа емес. Бірақ дәл қазір қатаң саясатпен, жоғары мөлшерлемемен инфляцияның үстінен қарап, бағындырған дұрыс па, әлде қымбат инфляцияның ізінен қуып жүрген дұрыс па? Әлбетте, алғашқысы ақылға қонымды. Сондықтан бұл жолғы мөлшерлемені өзгеріссіз қалдыру туралы шешімді нарық беталысын байқастауға арналған шешім десек болғандай. Келесі отырыс 11 қазанға жоспарланған. Бірқатар саяси шешімдер мен нарық көңіл-күйінің бір арнаға тоғысып қалар сәті. Көп нәрсе анықталатын айшықты кезең. Сол кезде қымбатшылық жағадан алмаса, онда мөлшерлеме төмендетілуі әбден мүмкін. Егер осы қазіргі қатаң ақша-кредит саясаты Ұлттық банк пен Үкімет мүдделі болып отырған 5%-дық межені тезірек бағындырар болса, үлкен жеңіс сол болмақ. Сол кезде қанша жылғы жоғары мөлшерлемені ұстап тұрудың бәрі де ұмыт болмақ.