Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының (алушыларының) таза инвестициялық табысы жыл басынан бері 01.03.2023 ж. жағдай бойынша 204,4 млрд теңгеден асты.
Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жарналары мен инвестициялық табысын қамтитын зейнетақы жинақтарының сомасы 01.03.2023 жылға шамамен 15,13 трлн теңге болды.
2014 жылдан (барлық зейнетақы активтерін БЖЗҚ-ға біріктіру үрдісі аяқталған) бастап Ұлттық банк қамтамасыз еткен таза инвестициялық табыс 7,13 трлн теңгені құрады.
2023 жыл геосаяси жағдай тұрақсыздығының сақталуы салдарынан қаржы нарығындағы құбылмалылық әбден орын алуы мүмкін жыл болып белгіленген. Бұған дәлел, жыл басынан бері инфляцияның өсуі және зейнетақы активтерінің кірістілігі көрсеткіштерінің құбылмалылығы байқалуда. Ол қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалауға тәуелді болғандықтан, оң да, теріс те көрсеткіштерге ие болуы мүмкін.
Алайда зейнетақы активтерінің портфелін таңдалған қаржы құралдары, экономика салалары мен валюталар бойынша әртараптандыру есебінен 2 ай ішінде оң инвестициялық кіріс алынды.