2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша банк секторының активтері ағымдағы жылғы сәуірде негізінен өтімді активтердің 3,6% немесе 697 млрд теңгеге төмендеуі нәтижесінде 0,4% немесе 184 млрд теңгеге аздап азайып, 44,8 трлн теңгені құрады (жыл басынан бері 0,6% немесе 0,3 трлн теңгеге өсім).
Өтімділігі жоғары активтер 13,5 трлн теңгені немесе активтердің 30,2%-ын құрады, бұл банктерге клиенттер алдындағы өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
2023 жылғы сәуірде екінші деңгейдегі банктерден экономикаға берілген кредиттер 2,5%, 23,7 трлн теңгеге дейін өсті (жыл басынан бері 4,1% өсім). Ұлттық валютадағы кредиттер 2,6% 22 трлн теңгеге дейін ұлғайды, шетел валютасындағы кредиттер 1,35% 1,7 трлн теңгеге дейін, оның ішінде қайта бағалау есебінен 0,4% ұлғайды.
Биыл сәуір айында корпоративтік несиелердің өсімі жеке тұлғаларға берілген несиелердің өсімінен асып түсті. Осылайша, заңды тұлғаларға берілген кредиттер 2023 жылғы сәуірде 3,3% 8,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды (жыл басынан бері 1,7% өсім).
Дара кәсіпкерлерді қоса алғанда, бизнес субъектілеріне берілген жиынтық кредиттер 2023 жылғы сәуірде 3,4% 9,9 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 2,9% ұлғайған). ШОБ субъектілеріне қарыздар 5,1% 6,3 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 5,2% өсім), ірі бизнеске берілген қарыздар 0,5% 3,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылдың басынан бері 0,9% төмендеген).
2023 жылғы сәуірде бизнес субъектілеріне 1,3 трлн теңге сомасына жаңа қарыздар берілген, бұл 2023 жылғы наурызбен (1 143 млрд теңге) салыстырғанда 16,1% артық.
Жеке тұлғаларға берілген кредиттер тұтынушылық қарыздардың 2,0% 8,1 трлн теңгеге дейін және ипотекалық қарыздардың 1,3% 4,9 трлн теңгеге дейін өсуі есебінен 2023 жылғы сәуірде 14,9 трлн теңгені құрап, 2,1% ұлғайды (2023 жылдың басынан бері 5,5% өсім).
Кредит портфелінің сапасы тұрақты болып қалуда. 2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша банк секторы бойынша берешек мерзімінің өтуі 90 күннен асқан қарыздар деңгейі (NPL 90+) несие портфелінің 3,5%-ын немесе 889 млрд теңгені (2023 жылғы 1 қаңтарда – 3,4% немесе 815 млрд теңгені) құрады.
ШОБ есепке алғанда заңды тұлғалар портфелінде NPL90+ деңгейі 3,1%-ды немесе 341 млрд теңгені, жеке тұлғалар портфелінде 4,0%-ды немесе 549 млрд теңгені құрады. Жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен өтеу жоғары деңгейде сақталып, 78,4%-ды құрайды (01.01.2023ж. – 76,9%).
Биыл сәуірде банктердің меншікті капиталы 3,6% 5,9 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 12,7% өсім).
2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 19,8%-ды, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) – 22,7%-ды құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір асып түседі және банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді өтеуді қамтамасыз етеді.
2023 жылғы сәуірде банк секторының міндеттемелері корпоративтік депозиттердің төмендеуі нәтижесінде 1,0% 39,0 трлн теңгеге дейін азайды (жылдың басынан бері 1,0% немесе 380 млрд теңгеге төмендеді).
Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттері заңды тұлғалар депозиттерінің 3,0% 14,5 трлн теңгеге дейін төмендеуінен 2023 жылғы сәуірде 1,3% 30,3 трлн теңгеге дейін азайды. Бұл ретте жеке тұлғалардың депозиттері 0,3% 15,8 трлн теңгеге дейін өсті.
Ұлттық валютадағы депозиттер 2023 жылғы сәуірде 0,7% 21,4 трлн теңгеге дейін, шетел валютасындағы депозиттер 2,9% 8,9 трлн теңгеге дейін азайды. Нәтижесінде долларлану деңгейі төмендеді және 2023 жылғы 1 мамырда 29,3%-ды құрады (2023 жылдың басында – 31,6%), бұл 2007 жылдан бергі ең төмен мән.
Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 2023 жылғы сәуірде 14,5%-ды (2023 жылғы наурызда – 14,5%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 13,9%-ды (2023 жылғы наурызда – 13,5%) құрады.