Ауыл шаруашылығы вице-министрі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте көктемгі егіс жұмыстары туралы айтып берді. Әбілхайыр Тамабек биылғы жылы күнбағыс, көкөніс және бақша дақылдарының, сондай-ақ картоптың егістік алқаптарын ұлғайту жоспарланып отырғанын хабарлады. Ол 2023 жылы егістіктердің болжамды құрылымы 23,4 млн га деңгейінде қалыптасқанын, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 68,6 мың га артық екенін атап өтті. Айта кетейік, Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде егіс науқаны басталды.
Бұдан басқа, дәнді дақылдар, бұршақ және азықтық дақылдары, қант қызылшасы мен күріш дақылдарын көбейту жоспарланып отыр. Вице-министрдің айтуынша, жоспарланған егіс көлемі ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету үшін жеткілікті болады.
Көктемгі егіс жұмыстарын сапалы жүргізу үшін оңтайлы мерзімде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қажетті ресурстармен қамтамасыз етілетін болады. Әбілхайыр Тамабектің айтуынша, қазір арнайы техника паркінде 400 мыңнан астам трактор, сепкіш және топырақ өңдеу құралдары бар, оның ішінде бір мезгілде бірнеше технологиялық операцияларды орындайтын 5 мыңнан астам заманауи егіс кешені бар.
Көктемгі жұмыстарды жүргізуге өңірлерге 413 мың тонна дизель отыны бөлінді, бұл өткен жылғы деңгейден 13 мың тоннаға артық. Операторлардың шығыстарын ескере отырып, фермерлер үшін орташа баға литріне 204 теңгені құрайды, бұл нарықтық құннан 15-20% арзан. Биылғы жылы арзандатылған ЖЖМ жөнелту ақпан айынан бастап, оңтүстік облыстарға ғана емес, астық егетін солтүстік өңірлер үшін де басталды, деп толықтырды вице-министр.
«Аграрлық несие корпорациясы» басқарма төрағасының орынбасары Марлен Нәбиев көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру мәселелеріне жеке тоқталды. Ол биылғы жылдың қаңтар айынан бері алғаш рет 140 млрд теңге бөлінгенін хабарлады, әдетте қаражат наурыз айына дейін түспейтін. Аталған қаражаттың бөлінуін күтпестен, Аграрлық несие корпорациясы қолда бар ресурстарының есебінен қаржыландыруды желтоқсан айында бастады. Жылдық 5%-бен 30,6 млрд теңге сомасына 847 фермер несие алды, 72,1 млрд теңгеге тағы 1 298 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушінің өтінімі қаржыландыру үшін мақұлданды. Жалпы 3200-ден астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қамту және шамамен 2 млн га алқапта егіс пен егін жинауды қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
«Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» арқылы қаржыландыру да жалғасын табады. Секторға 55 млрд теңге, оның ішінде форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша және тауарлық кредит беру арқылы бағытталатын болады.
Барлық проблемалық мәселелерді жедел шешу үшін АШМ жанынан мемлекеттік органдар мен ұйымдар, сондай-ақ облыстар мен қалалардың әкімдерінің орынбасарларын тарта отырып, жедел штаб құрылды.