2024 жылы республикалық бюджетке 2 трле теңге тапшылық түседі. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев айтты. Ол биылғы бюджетті нақтылауға арналған заң жобасын ұсынды.
«Республикалық бюджеттің түсімдері трансферттерді есепке алмағанда 2 трлн теңгеге қысқарды. Бұл салық түсімдерінің 3,1 трлн теңгеге қысқаруы мен салықтық емес түсімдердің 1,1 трлн теңгеге артуы есебінен болды», — деді Мәди Тәкиев.
Қаржы министрлігінің басшысы жобада экономикалық тәуекелдер аясында өңірлік өсім деңгейін ұстап тұру үшін Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансфертті 2 трлн теңгеге арттыру ұсынылып отырғанын айтты.
«Экономиканың болжамды өсімі 5,3%, бірақ қазіргі уақытта ол тек 4,1%», — деді ол.
Мәди Тәкиев депутаттардың ұсыныстарын ескере отырып, мемлекеттік қарызға қызмет көрсетуге 150 млрд теңгенің қайта бөлінетінін қосты. Бюджет тапшылығына 2023 жылдың соңындағы бюджет қалдықтары және жеке жобаларды іске асыруға 136,1 млрд теңге сомасында кредиттер тарту кіреді.
«2024 жылға арналған түсімдер 20,4 трлн теңге көлемінде болжануда. Трансферттерді есепке алмағандағы кірістер 14,1 трлн теңгені құрайды. Бюджет тапшылығы 3,7 трлн теңгені немесе жалпы ішкі өнімнің 2,7%-ын құрайды. Бюджет шығыны 24,1 трлн теңге», — деп қорытындылады Қаржы министрлігінің басшысы.