Салық реформалары қабылданғаннан кейін Қазақстанда чек саны мен олардың көлемі артты, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған компаниялар саны көбейді. Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі осылай дейді.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Амрин I тоқсанда шағын және орта бизнестің барлық негізгі көрсеткіштері өскенін айтты. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар саны 19,6 мыңға артқан, ал компаниялар өз айналымын ұлғайтып жатыр. Бизнес тарапынан соғылатын чек саны да көбейген.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, кассалық тәртіптің жақсарғанын берілетін чек санының өсуі дәлелдейді. Бірінші тоқсанда 885 млн чек соғылған, ал өткен жылы осы кезеңде — 728 млн болған, өсім 21%.

Чек бойынша жалпы сома да артып, 1,368 трлн теңгені құрады.

«Қолма-қол ақшаға жаппай көшу болған жоқ. Бизнестің көлеңкеге кетуі байқалмайды. Электрондық шот-фактуралар (ЭШФ) бойынша деректер әлі толық емес, себебі олар 15 күн ішінде рәсімделеді. Соған қарамастан, бірінші тоқсанда ЭШФ көлемі 42,4 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,2 трлн теңгеге көп. Яғни 14% өсім бар, бұл көрсеткіш әлі де артуы мүмкін. Салалар бойынша да айналымның өскені көрініп отыр», – деді Ержан Біржанов.

Бұған дейін статистика бюросы Қаңтар қорытындысы бойынша Қазақстанда тіркелген заңды тұлғалар саны бір айда 0,1%, ал жұмыс істеп тұрғандары 0,4% артқанын мәлімдеген.

Сонымен қатар, төленген салық та артқаны айтылған. 2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша республикалық бюджеттің салықтық түсімдері бойынша жоспардың орындалуы 113,7 құрады, бюджетке 2 979,0 млрд теңге түсті. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда өсу қарқыны 677,5 млрд теңге немесе 129,4%.

Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов та биылғы алғашқы екі айда бизнес тарапынан берілген чектер саны 18% артқанын айтқан.

«Өткен жылдың қаңтар-ақпанында 555 млн түбіртек соғылды. 2026 жылы – 657 млн. Өсу қарқыны – 18%. Сома бойынша: 2025 жылдың қаңтар-ақпанында – 4,2 трлн теңге, 2026 жылы – 5,1 трлн теңге. Яғни шамамен 20% өсім бар», – деген Нұржанов.