Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов YouTube арнаға берген сұхбатында биылғы алғашқы екі айда бизнес тарапынан берілген чектер саны 18% артқанын айтты.
«Өткен жылдың қаңтар-ақпанында 555 млн түбіртек соғылды. 2026 жылы – 657 млн. Өсу қарқыны – 18%. Сома бойынша: 2025 жылдың қаңтар-ақпанында – 4,2 трлн теңге, 2026 жылы – 5,1 трлн теңге. Яғни шамамен 20% өсім бар», – деді Нұржанов.
Оның пікірінше, бұл өсім тауар айналымының ұлғаюынан емес, табыстың «көлеңкеден шығуымен» байланысты болуы мүмкін.
«Мысалы, өткен жылы кейбіреулер түбіртек бермеген болса, биыл бере бастаған. Бұл жеңілдетілген декларация режимінің дұрыс таңдалғанын көрсетуі мүмкін», – деді ол.
Сондай-ақ, бизнестің «ағаруына» арнайы салық режимдерін қолданудың жаңа ережелері, соның ішінде жеңілдетілген декларация әсер еткен болуы мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, биыл жаңа Салық кодексі күшіне енген, оған сай:
- бөлшек салық толық жойылды;
- патент және тіркелген шегерім режимдері біріктіріліп, жаңа форматқа өтті;
- өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін АСР енгізілді (патент пен E-Salyq қолданушыларын біріктірді);
- жаңартылған «жеңілдетілген режим» табыс шегін арттырды, бірақ контрагенттер үшін шегерім талаптарын күшейтті.