Қаңтар қорытындысы бойынша Қазақстанда тіркелген заңды тұлғалар саны бір айда 0,1%, ал жұмыс істеп тұрғандары 0,4% артты. Бұл деректер Қазақстан Ұлттық статистика бюросы мәліметтерінен алынған.
Жаңа Салық кодексінің күшіне енуіне байланысты жыл басынан бастап мыңдаған компания жабылуы мүмкін деген салалық сарапшылардың болжамына қарамастан, заңды тұлғалар санының өсу тіркелді. Жаңа Салық кодексіндегі өзгерістер бизнесті бөлшектеу арқылы бөлудің тартымдылығын шектеп, арнайы салық режимдерінің санын қысқартатынын айта кетейік.
Сонымен қатар жаңа салық ережелері аясында қаңтарда тіркелген жеке кәсіпкерлер саны желтоқсанмен салыстырғанда 1,8% немесе 34 мыңға азайып, 1,84 млн-ға түсті. Жұмыс істеп тұрған ЖК саны да 1,6% немесе 30 мыңға қысқарып, 1,77 млн болды.
Айта кетейік, үкіметтегі салық реформасының авторлары бұл шаралардың көпшілігі бір заңды тұлғаны бірнеше компанияға бөліп, ҚҚС шегінен аспау үшін қолданылатын «бизнесті бөлшектеуге» қарсы бағытталғанын бірнеше рет мәлімдеген.
Бұған дейін сарапшылар салық кодексі енгеннен кейін 200-300 мың компания жабылып қалады деп дабыл қаққан, бірақ іс жүзінде олай болмай шықты.
Жылдық динамикаға көз жүгіртсек те компаниялардың көбейіп жатқанын байқаймыз. 2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстанда 550,2 мың заңды тұлға тіркелген, оның ішінде 438,8 мыңы жұмыс істеп тұр.
Бір жылда тіркелген заңды тұлғалар саны 13,5 мыңға немесе 2,5% өсті. Бұл көрсеткіш өткен жылдағы өсімнен (1,9%) де жоғары. Соңғы 10 жылда жалпы өсім 43,2%-ды құрады.
Салалар бойынша кәсіпорындар санының жылдық өсімі:
- көтерме және бөлшек сауда — +874 (0,6%), 146,9 мың (барлық заңды тұлғаның 26,7%-ы);
- құрылыс — +2,5 мың (3,5%), 73,6 мың (13,4%);
- өзге қызмет түрлері — +518 (0,96%), 54,3 мың (9,9%);
- ғылыми және техникалық қызмет — +1,2 мың (3,48%), 36 мың;
- білім беру — +969 (3,14%), 31,8 мың.
Ең жоғары өсім қарқыны тау-кен өнеркәсібінде — +9,8% (6,2 мыңға дейін) және денсаулық сақтау саласында — +8% (12,8 мыңға дейін) байқалды. Абсолюттік көрсеткіште ең көп өсім құрылыс, ғылыми қызмет және өңдеу өнеркәсібінде тіркелді (+1,2 мың компания).
Жеке кәсіпкерлерге тоқталсақ, бір жылда олардың саны 2,2% өсіп, 1,85 млн болса, жұмыс істеп тұрғандары да 3% көбейген.