2023 жылы әлем елдерінің басым бөлігінде жоғары инфляция мақсатты деңгейге төмендемейді, яғни тағы да таргеттен жоғары қалыптасатын болады. Бағаның өсу қарақыны біршама баяулағанымен әлі де жоғары деңгейде және құбылмалы.
Бұл туралы Jusan Analytics зерттеу орталығының аға талдаушысы Айжан Алибекова мәлімдеді. Оның айтуынша жетекші орталық банктердің тежеуші монетарлық саясатты бір жылдан астам уақыттан бері үздіксіз жүргізуі салдарынан әлемде іскерлік белсенділік төмендеді. Соған байланысты ұсыныс тарапында қиындықтар орын алып, әлемдік тауар және қаржы нарықтары жоғары турбуленттілікті бастан кешті. Нәтижесінде бағалық қысым шамалы ғана азайды. Осылайша орталық банктер экономиканың дамуына қауіп төнсе де пайыздық мөлшерлемелерді табанды түрде көтеруге мәжбүр болуда.
«Қазір орталық банктерге оңай емес. Олар сын-қатерлерді, әлемдік экономикада құбылмалылықтың артып жатқандығын ескеріп, бағалық тұрақтылықты қамтамасыз ету қажеттілігі мен экономиканың дамуына төнетін қауіп-қатерлер арасында тепе-теңдік сақтауға барынша күш салуда. Базалық мөлшерлемелерді көтеру одан әрі жалғасуда. Бірақ дәл қазіргі жағдай қауіп-қатерлердің аяқ алысына мұқият зер салып, оларға талдау жүргізуді талап етеді», - дейді Айжан Алибекова.
Қаржыгердің айтуынша аталмыш зерттеу орталығында ғаламдық инфляциялық ортаға мұқият талдау жүргізу мақсатында 129 мемлекет таңдап алынып, олардың экономикасына талдау жүргізілген. Бұл іріктемеге 2023 жылдың мамырындағы инфляция бойынша статистикасы бар елдер енгізіліпті. Олардың 60%-ы инфляциялық таргеттеу режімін ұстанады.
«Инфляция бойынша таргеті бар елдердің 80%-ында 2023 жылдың мамырында бағалардың нақты өсу деңгейі мақсатты деңгейден асады. Ал 11%-ында (Армения, Беларусь, Грузия, Ресей, Қытай, Вьетнам, Таиланд, Танзания және Коста Рика) бағалардың нақты өсімі таргеттен айтарлықтай төмен. Мысалы, Армения, Беларусь және Грузия Ресейдегі экономикалық жағдайға аса мән береді. Өйткені олар Ресейден жасалатын ақша аударымдарына тәуелді. Ал бұл тәуелділік геосаяси қақтығыс барысында күшейе түседі. Осындай тәуелділіктің салдарынан бұл елдер Ресейдегі дағдарыстық жағдайдың салдарын бастан кешуде», - деді А. Алибекова.
Зерттеу қорытындысына сәйкес, іріктемедегі мемлекеттердің бар болғаны 18%-ы ғана (17 ел) 2023 жылдың соңына қарай инфляцияға қатысты таргеттік деңгейге жетеді. Олардың ішінде үш ел (Парагвай, Индонезия және Бразилия) қазірдің өзінде мақсатты ауқымға еніпті. Талдаушының пікірінше бұл елдерде бағалардың өсу қарқынының төмендеуі сұраныстың азаюынан болуы әбден мүмкін. Ал жалпы әлемнің алдыңғы қатарлы экономикалары биыл инфляциялық таргетке қол жеткізе алмайды.
«Сондықтан ағымдағы ғаламдық инфляциялық орта әлі де пайыздық мөлшерлемелерді белсенді түрде өзгертуді талап етуі мүмкін. Инфляция қазір көп алаңдаушылық туғызады. Өйткені қауіп-қатерлер жетерлік. Олар оң үрдісті әп-сәтте бүлдіруі мүмкін. Сол үшін ғаламдық инфляциялық ортаның толыққанды тұрақталуын қазір емес, 2024 жылдың басынан бастап күткен жөн», - дейді талдаушы маман. Оның айтуынша билік инфляциямен анағұрлым тиімді күрес жүргізуі үшін және халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында қарсы циклдік салық-бюджет саясатының артықшылықтарын пайдалануы тиіс. Осы фискалдық саясатпен қамтамасыз етілген сұраныс пен ұсыныс күштерінің қайта теңгерімі бағалық қысымды ұстап тұруға және нарықтық ортаны тұрақтандыруға, сондай-ақ тұрақты экономикалық өсімге жағдай жасауға көмектеседі.
Айта кетелік, қазір дамыған елдер бағалық тұрақсыздықпен анағұрлым сәтті күресуде және оның үстіне оларда инфляциялық триггерлер біршама өзгеше. Егер көптеген дамыған елдерде инфляция экономиканың ысынуы себебінен өскен болса, дамушы елдерде валютаның құнсыздануы (инвестицияның азаюы және кредиттік рейтингтің төмендеуі) және бағалық болжамдардың әрі қарай тұрақсыздануы инфляцияның өсуінің негізгі себептеріне айналды.
Бағаға қатысты болжамдардың тұрақсыздануы бағаның өсуіне және жалақыны көтеру бойынша талаптардың туындауына әкеп соғатыны анық. Дамушы елдердің көпшілігі ағымдағы мульти дағдарысқа дейін-ақ құбылмалы айырбас бағамы режіміне өткен болатын. Бірақ оларда ақша-несие саясатын өз бетімен жүргізу мүмкіндігі шектеулі. Ал ірі жетекші орталық банктердің батыл әрекеттері олар үшін жағымсыз жағдайға айналады. Өйткені несие бағасы өседі, валюта бағамына салмақ түседі және импорт қыматтайды. Осылайша дамыған және дамушы елдер арасындағы теңсіздік алшақтай түседі.