Бүгінгі таңда республикалық бюджет қаражаты есебінен мөлшері жыл сайын индекстелетін базалық және ынтымақты зейнетақыларды қоса алғанда, әлеуметтік төлемдердің 41 түрі жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері зейнетақылар мен жәрдемақыларды төлеуге 4,6 млн-нан астам адам үшін шамамен 5,9 трлн теңге бағытталды, оның ішінде 2,5 млн-ға жуық зейнеткер мен 2,1 млн-нан астам мемлекеттік жәрдемақы алушы бар. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтты.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін, ал ең жоғары мөлшері 110%-ға дейін арттырылды. Жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі кезең-кезеңімен ұлғаюда, ол 2028 жылға қарай 5%-ға жетеді. Бүгінде жинақтаушы зейнетақы жүйесіне жұмыспен қамтылған халықтың 65%-ы қатысуда.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларының кешенін іске асыру жұмыссыздық деңгейін 4,6%-ға дейін төмендетуге ықпал етті, бұл ретте еңбек нарығына 300 мыңға жуық жас маман шықты. Бұл – жүйелі жұмыстың нәтижесі. Жыл басынан бері 820 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 296 мыңға жуық адам қамтылды, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал санаттарына жататын 9 239 азамат жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін 400 АЕК мөлшерінде грант алды. Оқыту және кәсіптік бағдарлау түріндегі халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің қосымша шараларымен 478 мыңнан астам қазақстандық қамтылды.

Биыл субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру кезінде жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейтетін өзгерістер нормативтік құқықтық актілерге енгізілді. Жаңартулар рәсімдердің ашықтығын арттыруға, бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігіне және жұмыспен қамтуды мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысатын азаматтарды нақты жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуге бағытталған.

Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту шеңберінде 2025 жылы 1,1 мыңнан астам мамандықты қамтыған 132 кәсіптік стандарт әзірленді және өзектендірілді, оның 600-і – жұмысшы мамандықтары. Бұл келешекте еңбек нарығында сұранысқа ие кадрларды даярлауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралардың арқасында биыл өндірістік жарақаттану деңгейін 6,5%-ға және өлім-жітімді 4,5%-ға төмендетуге қол жеткізілді.

Мемлекеттік еңбек инспекторлары 55,1 мыңнан астам жұмыскердің құқығын қорғады, оның ішінде 10,1 мың азаматтың алдындағы 2,2 млрд теңге сомасындағы жалақы бойынша берешек өтелді. Жалақы бойынша берешек және еңбек құқықтарының бұзылуы анықталған кәсіпорындардың басшыларына орындалуы міндетті 3 781 нұсқама беріліп, 470,7 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.

Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде. 50-ден астам нозология бойынша мүгедектікті белгілеудің сырттай проактивті форматы белсенді іске асырылуда. Осы форматта Қазақстанның барлық өңірінен 99,6 мыңға жуық өтінім қаралды, оның ішінде 66,2 мың істі денсаулық сақтау ұйымдарынан тартылған тәуелсіз сарапшылар қарады.

Ағзаның қайтымсыз өзгерістері бар жекелеген нозологиялар бойынша мүгедектікті белгілеудің ерекше тетігі бойынша пилоттық жоба іске асырылуда, бұл – аяқ-қол ампутациясы, Даун синдромы, балалардағы мукополисахаридоз. Рәсімдер барынша жеңілдетілді және мерзімдер бір жұмыс күніне дейін қысқартылды.

Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 522 мыңнан астам адам қызмет алды, 27 мың азамат инватакси қызметін пайдаланды.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап жан басына шаққандағы қаржыландыруға және бизнес-процестерді цифрландыруға көше отырып, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін орталықтардың қызметін лицензиялау енгізілді. Басты мақсат – көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және оларды алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда ұйымдарға 582 лицензия берілді, оларда 94 мыңнан астам адамға қызмет көрсетіледі.

Инновациялық техникалық құралдарды қолдана отырып, балаларды үй жағдайында оңалту жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда жобаға 489 бала қатысуда және оң нәтижелерге қол жеткізілді – 353 баланың қозғалыс дағдылары едәуір жақсарды, ал 21 бала өз бетінше жүре бастады.

Ел бойынша 24 мыңнан астам нысан толық бейімделді.

2030 жылға дейінгі көші-қон саясатының жаңа тәсілдері әзірленді. Алдағы кезеңде көші-қон ағындарын есепке алу жүйесін жетілдіруге, еңбек көші-қонын ынталандыруға және ретке келтіруге баса назар аударылады. Сондай-ақ шетелде жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғауға, білікті мамандарды тартуға, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және этникалық қазақтарды қолдауға бағытталған сыртқы көші-қонды басқару тетіктерін жетілдіру көзделеді.