Павлодарда автокөліктің дөңгелек дискі өндіріледі

Павлодарда автокөліктің дөңгелек дискі өндіріледі

Павлодарда дөңгелек дискісін толық циклде өндіретін кәсіпорын ашылады. Сеулде Eurasian Resources Group (ERG) және Hyundai SungWoo Casting өкілдері ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Жобаға Astana Motors та қосылады, деп хабарлайды Koleso.kz.

Дискілер ауданы 16 мың шаршы метр болатын жаңа зауытта жасалады. Ол 2028 жылы іске қосылады және Орталық Азиядағы алғашқы осындай деңгейдегі кәсіпорын болады. Зауыт жұмысын алюминий өңдеуден бастайды, яғни Қазақстанның шикізатын пайдаланып, толық циклді өндірісті қолға алады.

Бірінші кезеңде жылына 500 мың диск шығады. Екінші кезеңде өндіріс көлемі 1 миллионға дейін артады. Өнім Қазақстанда және Орталық Азия елдерінде саудаланады.

Қазақстанда диск шығаратын кәсіпорын ашылады деген ақпарат биыл ақпанда тарады. Ол жобаға да Astana Motors қатысқан. Серіктестер қатарында Hand Corporation мен Open Element болды. Бірақ мерзімі де, орналасатын жері де белгісіз еді.