«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры Eurasian Resources Group (ERG) компаниясының 40%-ын алды. Актив үшін қор ақша төлемеген, оның орнына өз акцияларын шығарған.
Бұл туралы «Самұрық-Қазынаның» 2026 жылғы 30 маусымдағы аралық қысқартылған шоғырландырылған қаржылық есептілігінде айтылған.
ERG-нің 40%-ы қалай берілді?
Бұған дейін ERG-дегі 40% үлес Қазақстан Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне тиесілі болған.
2026 жылғы 4 тамызда Үкіметтің шешімімен бұл үлес «Самұрық-Қазынаға» берілді.
Оның орнына «Самұрық-Қазына» 31 жаңа акция шығарды. Бір акцияның номиналды құны 22,507 млрд теңге болды. 31 акцияның жалпы құны 697,729 млрд теңгені құрады.
Яғни мәміле мынадай схема бойынша жүргізілді:
Қаржы министрлігі ERG-нің 40%-ын «Самұрық-Қазынаға» берді. «Самұрық-Қазына» оның орнына 697,729 млрд теңгелік өзінің 31 жаңа акциясын берді.
Бұл жерде «Самұрық-Қазынаның» шотынан 697,7 млрд теңге ақша аударылған жоқ. ERG-дегі мемлекеттік үлес қордың жаңа акцияларына айырбасталды.
«Самұрық-Қазына» ERG-ге бақылау жасай ма?
Қордың мәліметінше, қолданыстағы корпоративтік басқару жөніндегі келісімдер негізінде «Самұрық-Қазына» ERG-ге бірлескен бақылау алды.
Қор ERG-дегі инвестициясын бірлескен кәсіпорынға салынған инвестиция ретінде есепке алуды жоспарлап отыр. Бұл ретте үлестік қатысу әдісі қолданылады.
Алайда ERG активтері мен міндеттемелерінің әділ құнын бағалау әзірге аяқталған жоқ. Қор бұл бағалауды ERG-ге бірлескен бақылау алған күннен бастап 12 ай ішінде аяқтауы тиіс.
ERG кімдерге тиесілі?
Қазір ERG-дегі үлестер мынадай:
«Самұрық-Қазына» — 40%
Әлиджан Ибрагимовтың мұрагерлері — 20,7%
Шахмұрат Мүтәліп — 39,3%
2026 жылғы мамырда Шахмұрат Муталипке тиесілі Nature Energy Solutions Ltd. компаниясы ERG-дегі 39,3% үлесті Патох Шодиев пен Александр Машкевичтің мұрагерлерінен сатып алған болатын.
Осылайша, Қазақстан мемлекеті ERG-дегі 40% үлесті тікелей Қаржы министрлігінің балансында ұстаудың орнына, оны «Самұрық-Қазына» арқылы басқаруға көшірді. Қордың өзі бұл шешім оның ұлттық активтерді мемлекет мүддесі үшін басқару функциясына сәйкес келетінін мәлімдеді.