Мемлекет басшысының әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (ӘМАТ) бағаларды төмендету бойынша жүйелі шаралар қабылдау, осы нарықтағы делдалдық схемаларды тексеру бойынша комиссия құру тапсырмасын орындау аясында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі азық-түлік тауарлары бағаларының барлық тізбегі бойынша ӘМАТ бағаларының негізділігіне және сөз байласудың бастапқы белгілерін анықтау бойынша талдау жүргізді, деп хабарлайды Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.
Соңғы 3 жылда бағасы құбылмалы және импортқа тәуелділік үлесі (20% - дан астам) жоғары және азық-түлік бағасының өсуіне негізгі әсер ететін (күнбағыс майы, жұмыртқа, қант, қарақұмық жармасы, тауық еті, нан, ұн, сиыр еті, сүт, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат)19 ӘМАТ-тың 13 тауар позициясы бойынша азық-түлік тауарлары нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізілді.
Бұдан бөлек, талдау азық-түлік тауарлары нарықтарының бірнеше бөлігін қамтыды – өндірушілер, импорттаушылар (бастапқы буын); көтерме жеткізушілер, алыпсатарлар (екінші буын); сауда желілері, базарлар (үшінші буын).
Талдау қорытындылары бойынша монополияға қарсы ден қою шеңберінде бәсекелестікке қарсы келісілген іс-әрекеттер мен басым немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану белгілері бойынша 68 хабарлама шығарылды, 8 тергеу тағайындалды және монополияға қарсы заңнаманы бұзушылықтарды жою туралы 20 нұсқама шығарылды. Монополияға қарсы комплаенстің 88 актісі жасалды.
Нәтижесінде, егер азық-түлік тауарларының бағасы жыл басында апта сайын орташа есеппен 0,5%-ға өссе, кешенді шаралар қабылданғаннан кейін осы жылдың наурыз айынан бастап осы уақытқа дейін жалпы ӘМАТ бағасының ай сайынғы өсу серпіні төмендегенін байқауға болады ( 28 қыркүйектегі жағдай бойынша -0,1% - ға дейін төмендеді).
Сауда желілерінің қызметін суда үстемелеріне тексеру және сыйақы мөлшерін алу бойынша жұмыс Агенттіктің жеке бір бағыты болып кетті.
ӘМАТ-қа сауда үстемесі мөлшерінің сақталуын бақылауды жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады ("сауда қызметін реттеу туралы"Заңның 8-бабы)
Әкімшілік кодекске сәйкес (ӘҚБтК-нің 204-4-бабы) сауда үстемесін асыра қосқаны үшін ескерту жасау қарастырылады.
Сонымен қатар, монополияға қарсы орган республиканың 8 өңірінде сауда үстемесін асыра қосудың 46 фактісін анықтады. Сауда субъектілерін әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін тиісті материалдар Нұр-Сұлтан (3 факт), Алматы (4 факт), Қостанай (6 факт), Қарағанды (4 факт), Атырау (4 факт), Маңғыстау (19 факт), Батыс Қазақстан (5 факт), Шығыс Қазақстан (1 факт) қалаларының әкімдіктеріне жолданды.
Монополияға қарсы орган тарапынан бақылау барысында қазіргі уақытта әкімдіктер 46 фактінің 35-і бойынша ден қою шараларын қабылдады (Нұр-сұлтан қаласы, Қостанай, Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары).
Агенттік бағаны ұстап тұру мақсатында үнемі монополияға қарсы шараларды қолдану нарыққа қатысушыларды қиын жағдайда қалдыратынын, өндірісті кеңейту, инвестициялау үшін ынталарын төмендететінін атап өтті. Процессуалдық заңнаманың қатаң шектеулеріне байланысты кәсіпкерлерге "жеңіл" әсер ету құралдарын қолдану мүмкіндігі алынып тасталады. Бағаларды тұрақтандыру үшін өңірдегі саланы дамытуға жауап беретін мемлекеттік органдар нарықты толтыру, өндірісті ұлғайту және ӘМАТ бойынша импортқа тәуелділікті төмендету, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласын бюджеттік субсидиялау көлемін ұлғайту жөніндегі ұзақ мерзімді шаралар мен іс-қимылдар қабылдаулары қажет.