Бір банктің терминалынан басқа банктің QR-ы арқылы төлей беруге болады

Қазақстанда 2026 жылғы 19 шілдеден бастап Банкаралық мобильді төлемдер жүйесі (БМТЖ) ресми түрде іске қосылады. Бұл туралы Ұлттық банк Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымы жобаларының жүзеге асырылу барысын таныстыру кезінде мәлімдеді.

Жаңа жүйенің басты ерекшелігі – әртүрлі банктердің клиенттері арасында телефон нөмірі арқылы лезде ақша аудару және QR-кодпен төлем жасау мүмкіндігі. Яғни, сатып алушы мен сатушының қай банктің клиенті екені маңызды болмайды. Барлық төлемдер тәулік бойы нақты уақыт режимінде жүзеге асады.

Қазіргі таңда жүйеге халыққа мобильді қосымша арқылы қызмет көрсететін барлық банк қосылған. Алайда жаңа қызметті пайдалану үшін кейбір банктердің мобильді қосымшасын жаңарту қажет болуы мүмкін.

Кәсіпкерлер үшін де жаңалықтың пайдасы бар. Олар жүйеге қосылған барлық банктің клиенттерінен бір ғана QR-код арқылы төлем қабылдай алады. Ол үшін жаңа терминал немесе қосымша жабдық сатып алудың қажеті жоқ – қолданыстағы құрылғылар жеткілікті.

Бұл жүйе Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының бір бөлігі. Оның құрамына:

  • Ұлттық төлем жүйесі;

  • биометриялық сәйкестендіру платформасы;

  • цифрлық теңге платформасы;

  • ашық банкинг платформасы;

  • Ұлттық антифрод-орталық кіреді.

Ұлттық банктің мәліметінше, бүгінде Ұлттық төлем жүйесі арқылы күніне 6,3 трлн теңгеге жуық төлем өңделеді. Айналымға 340 млрд теңгеден астам цифрлық теңге шығарылған. Биометриялық сәйкестендіру сервисі ай сайын 3,5 млн-ға жуық сұранысты өңдейді.