Қазақстанда бидай алқабы қысқартылып, босаған жерлерге майлы дақылдар және мал азығы егілмек. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлім етті.

Мәселен, биылғы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 23,8 млн гектарға егу жоспарлануда, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 209,6 мың гектарға аз. Бидай егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 429,2 мың гектарға – 13,3 млн гектарға қысқарады. Министрлік бидайдың орнына әлеуметтік маңызы бар және жоғары табысты дақылдарды өсіруді көздеп отыр.

Облыс әкімдіктерінің мәліметінше, майлы дақылдар алқабын 385,7 мың гектарға – 3,2 млн гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда. Атап айтқанда, күнбағыс егіс көлемі 60 мыңға, 1,2 млн гектарға дейін жетеді. Сондай-ақ, қант қызылшасы 12 мың гектарға, 25 мың гектарға дейін, мал азығы 68,3 мың гектарға, 3,2 млн гектарға дейін жеткізеді.

Сонымен қатар, шаруаларды суару суымен қамтамасыз ету мәселелеріне байланысты суды көп қажет ететін егістік алқаптары: мақта – 16 мың гектарға, 100 мың гектарға, күріш – 6,4 мың гектарға, 93,9 мың гектарға дейін қысқарады.

«Жалпы, жоспарланған астық, көкөніс және бақша дақылдары мен картоп алқаптары ішкі нарықтың сұранысын толығымен қамтамасыз етеді», - деді Айдарбек Сапаров.

Оның айтуынша, министрлік саладағы бар проблемаларға талдау жүргізген. Нәтижесінде агроөнеркәсіп кешенінің дамуының тежелуінің бір себебі – өсімдік шаруашылығын әртараптандырудың нашарлығы деген қорытындыға келді. Сондықтан ведомство қазақстандық егістіктерге егілетін дақылдарды әртараптандыруды жоспарлап отыр.

Бүгінгі таңда оңтүстік өңірлерде егіс жұмыстары жүргізілуде, 33,3 мың гектарға егілді. Жаппай егіс науқаны мамыр айының екінші онкүндігінде басталады.