Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені тағы 75 пайыздық пунктке көтеріп, 16,75 деңгейіне бекітті. Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, шешім инфляциялық қысымды төмендетуге және инфляциялық күтулерді тұрақтандыруға бағытталған.
Базалық мөлшерлеме – инфляцияны төмендетуге бағытталған бірегей құрал. Ұлттық банктің базалық ставканы жоғарылатуына байланысты екінші деңгейлі банктердегі тұтынушылық несие пайызы да қымбаттайды. Сөйтіп, қымбат пайыздан қашып, азаматтар несиені азырақ алады. Тиісінше, ақшасы аз болған соң тауарлар мен қызметтерді тұтынуға қаржыны аз жұмсайды. Бұл өз кезегінде түрлі тауар мен қызметке деген сұранысты азайтуы тиіс. Сұраныс азайған соң баға да төмендейді. Ұлттық банк ұстанымы осыған негізделген.
Қарашаның қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 19,6 пайызға жетті. Инфляция барлық компонент бойынша өскен. Ұлттық банк басшысының пайымынша, сыртқы факторлардан бөлек ішкі инфляциялық күтулердің де күшеюі инфляцияның үдей түсуіне себеп болып отыр. Түсінік бере кететін болсақ, ішкі күту дегеніміз – азаматтардың инфляцияның жоғары қарқынынан сақтанып, келесі аптада немесе келесі айда тағы да қымбаттайды деген қауіппен тауарларды молынан сатып алуға ұмтылуы. Бұл өз кезегінде сауда орындары мен базарларда ажиотажды, үлкен көлемдегі сұранысты тудырады. Сұраныс көп болған соң сатушы да (дүкен, маркет, базар, кәсіпкер) бағаны еркін өсіреді. Бұл келесі, тың инфляцияға жол ашады. Мәселен, осы жолғы халықтың инфляциялық күтулері тарихи ең жоғары деңгейге жақын болып отыр. Қараша айында инфляцияны медианалық бағалау 18,2% болған. IV тоқсанда кәсіпорындардың инфляциялық күтулері де рекордтық мәндерге жетіп, 17,6% болыпты.
Осы орайда, базалық ставканы көтеру не үшін тиімді қадам болып саналады? Иә, бұған қатысты қоғамда даулы пікір көп. Бұл ең бірінші кезекте несиенің қымбаттауы, соның салдарынан бизнеске берілетін несиенің азаюына байланысты. Ал кәсіпкердің ақшасыз қалуы отандық өндірістің нашарлауына, ішкі тұтыну өнімдерінің сөреден жоғалуына, экспортқа шығаратын тауарлардың азаюына әкеліп соқтырады. Бірақ тап қазір бізге жоғары базалық ставка қажет болып тұр және олай етпеске амалымыз да қалмай тұр. Неге? Ең бірінші кезекте, қаңтардан бері көтеріліп келе жатқан жоғары базалық ставка – бүгін, ертең емес, ұзақ мерзімді перспективада жемісін беретін стратегиялық тәсіл.
Екіншіден, біздің қоғам несиеге белшесінен батты. Елдегі ауыр кредиттік ахуалды реттеу үшін жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылданғалы жатыр. Мемлекет микрозаймдар бойынша кешірім жасауды қарастыруда. Шұғыл түрде азаматтардың несие жүктемесін азайтпаса экономикаға орасан зор залал келмек. Бұл тұрғыда банктердегі несие пайызының қымбаттап, азаматтар үшін қолжетімсіз бола тұрғаны тиімдірек.
Үшіншіден, базалық ставка қымбаттаса депозит тартымдылығы арта түседі. Яғни, азаматтардың банктегі салымдары бұрынғыдан да жақсы табысты бола бастайды. Өйткені, базалық ставканың өсуіне орай банктер депозит ставкасын да көтеруге мәжбүр болады. Егер азамат несие алмаса және ауысқан артық ақшасын банкте жоғары пайызбен жинаса, бұл тұтынушы үшін таптырмас мүмкіндік. Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, маусым айынан бастап теңгедегі депозиттердің артуы байқалады. Депозиттердің жалпы көлемі тарихи максимум – 30 трлн теңгеге жетті. Депозиттердің долларлануы биылғы ең жоғары деңгей – ақпандағы 38,4%-дан қазан айының соңында 35,3%-ға дейін төмендеді.
Экономист Жалғасбек Ақболаттың айтуынша, базалық ставка төмендеп, сәйкесінше банктер арзан несие ұсына бастаса, бұның соңы да қымбатшылыққа себеп болатын факторға ұласар еді.
«Базалық мөлшерлеме төмендесе, несие де арзандайды, тиісінше азаматтар арзан несие ала бастайды. Тұтынушылық мақсатта техниканы да көптеп сатып алады. Бір кезде техникаға деген сұраныстың артуына байланысты оның бағалары өседі. Бағаның өсуі инфляцияға алып келеді. Ал біздің базалық ставканың мақсаты – инфляцияны барынша тежеп ұстап, оның өсуіне жол бермеу», дейді сарапшы.
Базалық ставканы төмен етіп, бизнестің кредит алуына мүмкіндік жасады делік. Бірақ бәрібір сол баяғы тар шеңберге қайта түсеміз. Өйткені инфляцияның күшеюіне тек ішкі факторлар ғана әсер етіп отырған жоқ. Біз негізінен шикізат сататын, дайын өнімдерді өзге елдерден сатып алатын елміз. Отандық кәсіпкерлер арзан кредит алғанымен, шетелден сатып алған құрылғылары, шикізаты есебінен өндірген тауарын бәрібір қымбатқа сатады. Сырттан келетін импорттық тауар онсыз да үстеме қымбат бағамен келеді. Ол ақырғы тұтынушыға дейін еселеніп жетеді. Сондықтан арзан несие бәрібір көңілге жұбаныш бола алмайды.
Төртіншіден, базалық ставканың өсуі инвестициялық климатты жақсарту үшін де оңтайлы. Сарапшылардың айтуынша, жоғары базалық ставка инвесторлардың кірісін көбейтеді. Ал ақшаның көп келуі – ел экономикасы үшін қолайлы.
Әрине, қай уақытта да несиенің қолжетімді болғаны ыңғайлы-ақ. Бірақ тап қазіргі уақытта емес. Қазір ел экономикасы қысылтаяң кезеңде тұр. Бізді бұл тығырықтан алып шығатын базалық ставканың жоғары не төмен болуы емес, бізді алып шығатын басты көзір әрекеттер – экономиканың әртараптануы, өндіріс қуатының артуы, отандық бизнестің өрістеуі, экономиканың мемлекеттің қатысуынсыз дамуы және мемлекет тарапынан инвесторларға, бизнесмендерге барлық заңнамалық кепілдіктің ұсынылуы.