2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторын 22 екінші деңгейдегі банк құрайды, оның ішінде 12-сі шетел қатысатын банк, оның ішінде 10 еншілес банк.
Банк секторының активтері ағымдағы жылғы шілдеде 2,8%-ға немесе 1,1 трлн теңгеге ұлғайып, 2022 жылғы 1 тамызға 40,3 трлн теңгені құрады (жыл басынан бері өсім - 7,2% немесе 2,7 трлн теңге).
Активтердің өсуі клиенттер салымдарының 4,8%-ға немесе 1,3 трлн теңгеге және несие портфелінің 1,1%-ға немесе 240 млрд теңгеге ұлғаюы нәтижесінде орын алды.
Жоғары өтімді активтер 12,6 трлн теңгені немесе активтердің 31,3%-ын құрады, бұл банктерге клиенттер алдындағы өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Экономикаға кредиттер 2022 жылғы шілдеде 1,6%-ға өсіп, 20,4 трлн теңгені құрады. Бұл көрсеткіштің өсуі 2022 жылдың басынан бері 10,1%-ды немесе 1,9 трлн теңгені құрады.
Ұлттық валютадағы кредиттер 2022 жылғы шілдеде 2,1%-ға, 18,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды, шетел валютасындағы кредиттер 3,7%- ға, 1,7 трлн теңгеге дейін төмендеді.
Салалар бойынша бөлгенде кредиттердің негізгі үлесі өнеркәсіпке (34,2%), саудаға (21,3%), құрылысқа (7,5%) және көлікке (5,8%)тиесілі.
Заңды тұлғаларға кредиттер 8,0 трлн теңгені құрап, 2022 жылғы шілдеде 1,2%-ға төмендеді. Бұл ретте ағымдағы жылдың басынан бері осы көрсеткіштің өсуі 2,9%-ды құрады (2021 жылғы осындай кезеңде – 1,8%-ға өсті).
Корпоративтік кредиттеу сегментіндегі белсенділіктің төмендеуіне осы сегментте дәстүрлі түрде жұмыс істейтін ресейлік еншілес банктердің кредиттік қызметін тоқтата тұру, сондай-ақ инфляцияның өсуі салдарынан ақша-кредит шарттарының қатаңдауы әсер етті.
Бұл ретте ірі бизнеске қарыздар 2022 жылдың басынан бері 8,9%-ға 4,0 трлн теңгеге дейін, ШОБ (ДК қоса алғанда) қарыздары 3,6%-ға 5,7 трлн теңгеге дейін ұлғайды.
Жеке тұлғаларға кредиттер 2022 жылғы шілдеде 3,4%-ға ұлғайып, 12,4 трлн теңгені құрады (ағымдағы жылдың басынан бері 15,3%-ға өсті).
Жеке тұлғаларға кредиттердің өсуі жеңілдетілген мемлекеттік ипотекалық бағдарламаларды іске асыруды жалғастыру нәтижесінде ипотекалық кредиттеудің 3,3%-ға 4,0 трлн теңгеге дейін ұлғаюы, сондай-ақ тұтынушылық қарыздардың 3,9%-ға 6,9 трлн теңгеге дейін өсуі себеп болды.
2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша банк секторы бойынша NPL қарыздарының деңгейі 0,5 п.т. немесе 58 млрд теңгеге ұлғайып, 828 млрд теңгені немесе жалпы несие портфелінің 3,8%-ын құрады. (2022 жылғы 1 қаңтарда - 3,3% немесе 669 млрд теңге).
Заңды тұлғалардың портфелінде 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздардың деңгейі 4,1%-ды немесе 396 млрд теңгені, жеке тұлғалардың портфелінде - 3,7%-ды немесе 432 млрд теңгені құрады. Жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен жабу 72,1%-ды құрайды.
Банктердің меншікті капиталы ағымдағы жылғы шілдеде 7,2%-ға 5,65 трлн теңгеге дейін өсті. 2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 17,6%-ды, меншікті капитал (к2) - 21%-ды құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір асып түседі және банк секторындағы ықтимал тәуекелдерді жабуды қамтамасыз етеді.
Банк секторының міндеттемелері 2022 жылғы шілдеде клиенттердің салымдарын 4,8%-ға 27,7 трлн теңгеге дейін ұлғайту нәтижесінде 2,2%-ға 35,5 трлн теңгеге дейін өсті (міндеттемелер құрылымындағы үлесі 78,1%). Ағымдағы жылдың басынан бері банктердің міндеттемелері 7,2%-ға өсті.
Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттері 2022 жылғы шілдеде 3,3%-ға 28,1 трлн теңгеге дейін ұлғайды (жылдың басынан бері өсім - 3,5%). Заңды тұлғалардың депозиттері 4,8%-ға, 14,5 трлн теңгеге дейін, жеке тұлғалардың депозиттері - 1,7%-ға, 13,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды.
Ұлттық валютадағы депозиттер 2022 жылғы шілдеде 3,1%-ға 18,1 трлн теңгеге дейін, шетел валютасында депозиттер - 3,5%-ға 9,9 трлн теңгеге дейін өсті. Нәтижесінде 2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша долларлану деңгейі 2022 жылдың басындағы 36,0%-бен салыстырғанда 35,4%-ды құрады.
Базалық мөлшерлеменің артуы аясында қорландыру құны ұлғаяды. Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2022 жылғы шілдеде 12,3% (2021 жылғы желтоқсанда – 7,4%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 11,8% (2021 жылғы желтоқсанда – 8,0%) құрады.