2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша банк секторының активтері ағымдағы жылғы қаңтар айында 1,2% немесе 0,5 трлн теңгеге азайып, 44,0 трлн теңгені құрады. 2023 жылғы қаңтарда активтердің төмендеуі өтімді активтердің 2,0% немесе 381 млрд теңгеге азаюы нәтижесінде орын алды. 

Өтімділігі жоғары активтер 13,8 трлн теңгені немесе активтердің 31,3%-ын құрады, бұл банктерге клиенттер алдындағы өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Экономикаға кредиттер 2023 жылғы қаңтарда корпоративтік сектордағы несиелік белсенділіктің маусымдық баяулауы және қолданыстағы қарыздарды жоспарлы өтеу, сондай-ақ теңгенің АҚШ долларына қатысты шамалы нығаюы (0,5%) аясында валюталық несие портфелін қайта бағалау нәтижесінде 0,2%, 22,8 трлн теңгеге дейін төмендеді.

Ұлттық валютадағы кредиттер 0,04%, 21,0 трлн теңгеге дейін, шетел валютасындағы кредиттер – 1,6%, 1,8 трлн теңгеге дейін төмендеді.

Заңды тұлғаларға кредиттер 2023 жылғы қаңтарда 1,5% төмендеп, 8,5 трлн теңгені құрады (2022 жылғы осындай кезеңде 0,6% төмендеді).

Дара кәсіпкерлерді қоса алғанда, бизнес субъектілеріне жиынтық кредиттер 2023 жылғы қаңтарда 1,3%, 9,5 трлн теңгеге дейін төмендеді.

ШОБ субъектілеріне қарыздар 2,0%, 5,9 трлн теңгеге дейін, ірі бизнеске қарыздар – 0,2%, 3,6 трлн теңгеге дейін төмендеді.

2023 жылғы қаңтарда бизнес субъектілеріне 890 млрд теңге сомаға жаңа қарыздар берілді, бұл 2022 жылғы қаңтармен салыстырғанда 15,6% көп (771 млрд теңге).

Жеке тұлғаларға кредиттер 2023 жылғы қаңтарда 0,7% ұлғайып, 14,3 трлн теңгені құрады. Жеке тұлғаларға кредиттердің өсуі ипотекалық кредиттеудің 0,8%, 4,8 трлн теңгеге дейін ұлғаюына, сондай-ақ тұтынушылық қарыздардың 0,6%, 7,7 трлн теңгеге дейін өсуіне байланысты.

2023 жылғы 1 ақпандағы жағдайға сәйкес банк секторы бойынша 90 күннен астам төлем мерзімі өткен қарыздар деңгейі (NPL90+) жалпы несие портфелінің 3,4%-ын немесе 824 млрд теңгені құрады (2023 жылғы 1 қаңтарға – 3,4% немесе 815 млрд теңге).

Заңды тұлғалар портфелінде ШОБ-ты ескере отырып, NPL90+ деңгейі 3,1%-ды немесе 324 млрд теңгені, жеке тұлғалар портфелінде – 3,8%-ды немесе 500 млрд теңгені құрады. Жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен өтеу жоғары болып қалады және 76,5%-ды құрайды.

Банктердің меншікті капиталы ағымдағы жылғы қаңтар айында 3,3%, 5,4 трлн теңгеге дейін өсті. 2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 19,1%, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) – 22,3%-ды құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір асып түседі және банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді өтеуді қамтамасыз етеді.

Банк секторының міндеттемелері 2023 жылғы қаңтарда заңды тұлғалар салымдарының 2,1%, 14,4 трлн теңгеге дейін (міндеттемелер құрылымындағы үлесі 37,2%) төмендеуі нәтижесінде 1,8%, 38,6 трлн теңгеге дейін төмендеді.

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттері 2023 жылғы қаңтарда 1,1%, 30,6 трлн теңгеге дейін төмендеді. Заңды тұлғалардың депозиттері 1,1%,, 15,1 трлн теңгеге дейін азайды, жеке тұлғалардың депозиттері 1,2%, 15,5 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

Ұлттық валютадағы депозиттер 2023 жылғы қаңтарда 0,4%, 21,1 трлн теңгеге дейін, шетел валютасында 2,8%, 9,5 трлн теңгеге дейін, оның ішінде теңгенің АҚШ долларына қатысты 0,5%, нығаюы аясында төмендеді. Нәтижесінде 2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша долларлану деңгейі 2023 жылдың басындағы 31,6%-бен салыстырғанда 31,1%-ды құрады.

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2023 жылғы қаңтарда 14,5%-ды (2022 жылғы желтоқсанда – 14,4%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 13,7%-ды (2022 жылғы желтоқсанда – 13,3%) құрады.