Қазақстан Ұлттық банкі екінші деңгейлі банктер үшін минималды резервтік талаптарды (МРТ) көтеру арқылы артық өтімділікті алу тәсілін өзгертті. Осылайша, реттеуші банктерді тәуекелсіз операциялардан табыс табу мүмкіндігінен айырды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеме бойынша өткен брифингте мәлімдеді.
Оның айтуынша, банк жүйесінде ұзақ уақыт бойы артық ақша Ұлттық банктің ноталары мен депозиттері арқылы алынып келді. Реттеуші бұл үшін банктерге базалық мөлшерлеме бойынша табыс төлеп, іс жүзінде олар үшін салық салынбайтын әрі оңай пайда көзін жасап берген. Ал пайызы есептелмейтін минималды резервтік талаптар төмен деңгейде қалып келді.
«Банктер ешқандай тәуекелсіз және салықсыз пайда тауып келді, бұл дұрыс емес», – деді Сүлейменов.
Былтыр Ұлттық банк бұл тәжірибені өзгерту туралы қатаң шешім қабылдады. Енді реттеуші артық өтімділікті ол үшін табыс төлемейтіндей және жүйеде жаңа ақша жасамайтындай етіп ала бастады. Мақсат — банктерге ақшаны экономикаға бағыттағаннан көрі, Ұлттық банкте ұстаған тиімдірек болатын қисынсыз жағдайды жою.
Сүлейменов Ұлттық банктің асығыс шешім шығармай, әр банктің жағдайын жеке бағалап отырғанын айтты. Реттеушінің есебінше, бұл шаралар өтімділік тапшылығын тудырмайды. Алайда, енді артық ақша ешқандай үстемеақысыз алынатындықтан, банктер жоғалтқан табысының орнын толтыру үшін экономиканы несиелеуге мәжбүр болады.
МРТ деген не және ол қалай көтерілді?
Минималды резервтік талаптар — бұл банктердің Ұлттық банктегі шоттарында немесе өз кассаларында қолма-қол ақша түрінде сақтауға міндетті қаражатының ең төменгі деңгейі. Бұл деңгей банктің міндеттемелеріне (депозиттеріне және т.б.) тікелей байланысты.
Теориялық тұрғыдан алғанда, резервке қойылатын талаптар қатайса, банктердің несие беру мүмкіндігі азаяды, экономикадағы ақша массасы қысқарып, инфляция баяулайды.
Қазақстандағы өзгерістер
2025 жылғы 25 шілдеден бастап теңгедегі міндеттемелер бойынша МРТ 1,3%-дан 3,5%-ға, ал шетел валютасындағы міндеттемелер бойынша 2,5%-дан 10%-ға дейін өсті.
Екінші кезең (2026 жылдың сәуір-қыркүйек айлары): Теңгедегі міндеттемелер бойынша МРТ 5%-ға, валюталық бойынша 15%-ға дейін көтеріледі.
Екінші кезеңдегі маңызды ереже
Егер банк 2025 жылдың қорытындысы бойынша бизнеске несие беруді, Мемлекеттік бағалы қағаздарды немесе корпоративтік облигацияларды сатып алуды 20% арттырса, ол жеңілдік алып, валюталық активтері бойынша 15%-дың орнына 12% МРТ деңгейінде қалады. Алайда, 2026 жылдың қыркүйегінен бастап (үшінші кезеңде) бұл бөлініс алынып тасталып, барлық банк үшін 15%-дық мөлшерлеме болады.