Қазақстан Ұлттық Банкі Қазақстанның 2023 жылғы қаржылық тұрақтылығы туралы есепті дайындау аясында макроэкономикалық жағдайларға талдау жасап, банк секторы мен микроқаржы ұйымдарының тәуекелдеріне бағалау жүргізді.

2023 жылы елдегі қаржылық тұрақтылыққа әсер ететін факторлар жыл соңына қарай төмендеп, бірқалыпты деңгейде болды. Қаржы жүйесіндегі теңгерімсіздік жыл бойы төмендеді.

2023 жылы Қазақстанда инфляцияның 9,8%-ға дейін төмендеуімен қатар экономиканың 5,1% айтарлықтай өсуі байқалды. Теңге бағамының құбылмалылығына сыртқы факторлардың әсері шектеулі болды.

2023 жылы Қазақстанның банк секторы өзінің орнықтылығын көрсетіп, тұрақты жұмыс істеуін жалғастырды. 2023 жылы банктердің корпоративтік кредит портфелінің сапасы жақсарды. Корпоративтік портфельдегі проблемалық қарыздар үлесінің төмендеуі бизнестің барлық субъектісі бойынша күмәнді де, жұмыс істемейтін де қарыздардың төмендеуі арқылы орын алды.

Кепілсіз тұтынушылық қарыздар портфелінің жоғары өсу қарқыны сақталуып отыр. Жиынтық қарыз деңгейі жоғары қарыз алушылар өсуге негізгі үлес қосты және олардың саны әлі де өсуде. Нәтижесінде портфельдің шоғырлануының күшеюі байқалады. Кредиттік тәуекелдің деңгейі жарамды деңгейде, бірақ халық табысының өзгеруіне жоғары сезімталдылықты сақтайды.

2023 жылы көптеген банктің өтімділік тәуекелдері бірқалыпты деңгейді сақтады. Бұл өтімділік коэффициенттері нормативтен жоғары деңгейде болуымен расталады. Өтімділігі жоғары активтердің қоры банктердің жиынтық активтерінің шамамен үштен бірін құрады. 2022 жылғы шарықтау шегінен кейін бейрезиденттердің банк шоттарындағы, негізінен тұрақсыз, ақша үлесінің өсуі баяулады. Бұл банктердің қорландыру тұрақтылығының артуына ықпал етті.

Долларландыру деңгейі соңғы 16 жылда өзінің тарихи минимумына жетті. Ал бөлшек және корпоративтік сегменттерде валюталық салымдар үлесінің айтарлықтай төмендеуі байқалады.