Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов банкроттықтың соттан тыс рәсіміне кімнің өтініш білдіре алатынын айтты.
«Негізгі кіру критерийі – 12 ай ішінде қарызды өтемеу. Қарыз сомасы 4,9 млн теңгеден немесе 1,6 мың АЕК-тен аспауы керек. Соттан тыс банкроттық рәсімін борышкер мен асырауындағы адамдар үшін табысы ең төменгі күнкөріс деңгейі – 36 мың 018 теңгеден аспайтын азаматтар пайдалана алады деп болжануда. Сонымен қатар проблемалық қарызы бар адамдар санатындағы қазақстандықтардың 96 пайызы осы санатқа жатқызылуы мүмкін. Өйткені көбі кепілсіз несие алған», - деді Ержан Біржанов.
Кіріс немесе оның жоқтығы, мүліктің бар немесе жоқтығы бойынша салыстыру электронды үкімет порталы арқылы жүзеге асырылатынын түсіндірді.
«Бұл жерде мүліктің есебін жүргізетін барлық уәкілетті мемлекеттік органдардың деректер базасын біріктіру туралы сөз болып отыр. Осыдан кейін банктер есеп айырысу шоттары бойынша ақша қозғалысын жүзеге асырады. Сондай-ақ, несиелік бюролардың деректер базаларында қарыз сомасы мен кредиторлардың тізімі туралы мәліметтер де бар», - деді ол.
Соттан тыс банкроттық рәсімі үшін борышкердің мүлкі болмауы керек және қарыздар бойынша банкпен есеп айырысу рәсімін жүргізу қажет. Соттан тыс банкроттық тек банктер, МҚҰ және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолданылуы мүмкін.
Еске сала кетейік, жеке тұлғалар банкрот болған жағдайда үш тетік енгізу ұсынылып отыр:
- соттан тыс банкроттық;
- сот банкроттығы. Азаматтар оны 4,9 миллион теңгеден асатын қарыздар бойынша және басқа да берешек түрлері бойынша қолдана алады. Мұндай тәртіп бойынша борышкердің мүлкі бар болса, ол аукционда сатылуға жатады. Түскен қаражат белгіленген тәртіппен кредиторлар алдындағы қарыздарды өтеуге жұмсалады;
- төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Бұл тетік тұрақты кіріс болған жағдайда, қарызды төлеуге (бес жылға дейін) бөліп төлеу жоспарын сот тәртібімен алу мүмкіндігін қарастырады. Сауықтыру жоспары қаржы менеджерімен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі. Ол үшін екі жақтың да (борышкер мен кредитор) келісімі қажет.