Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер әлдеқашан дәстүрлі банк қызметтерінен бөлек бөлшек сауда, сақандыру, инвестиция, туризмге арналған түрлі қызметтерді ұсынатын тұтас экожүйеге айналды. Атап айтқанда, Jusan Travel қызметінің қазіргі қолданушылар саны 40 мыңға жетіп, көрсеткіш ай сайын орташа есеппен 25%-дан өсіп келеді. Бұл туралы Астанада өткен TRAVELHUB Kazakhstan туризм және қонақжайлық индустриясындағы технологиялар бойынша конференцияда Jusan Travel өкілі Виктор Тен мәлімдеді. 

Jusan Travel қызметінің бір ерекшілігі, компания дайын өнімді сатып алмай, бағдарламаны өздері жасақтаған. Үш адамнан тұратын командаға жаңа өнім жасауға 8 ай кеткен. Бұл шешім бастапқыда көбірек уақыт алғанмен, болашақта дұрыс құрылған алгоритмдер жаңалық немесе өзгеріс енгізу кезінде біраз уақыт үнемдейді, дейді жасаушылар. 


«Jusan Travel-мен саяхаттау үшін алдымен смартфоныңызға біздің қосымшаны орнату керек. Одан кейін виртуал карта ашу керек болады. Бұл қызмет өте тез, санаулы секундта орындалады. Қосымшада саяхатқа керекті екі батырма бар. Ол саяхат және билет. Біз қолданушыларға түсінікті болуы үшін интерфейсті барынша қарпайым етіп жасауға тырыстық», - дейді Виктор Тен. 

Jusan Travel арқылы әуе және темір жол билеттерін 5%  бонустық жүйемен алуға болады. Ол сомаға мысалы коммуналдық қызмет ақысын төлеп, Jusan дүкендерінен зат немесе тағы да билет сатып алуға болады. Ал билет батырмасы кино мен концерттерге билет алуға арналған. Бұл жердегі кэшбек 4%. Ол қаражатты да түрлі қызмет пен тауар сатып алуға жұмсауға болады. Виктор Теннің айтуынша, әрбір сегізінші тұтынушы келесі саудасын аталған қосымшада жасайды. 

Бірақ, Jusan банк Travel қосымшасын одан ары дамытуға күш салып жатыр. Жақын уақытта несие өнімдерін де енгізбек. Яғни, билеттерді бөліп төлеуге немесе несиеге алу мүмкіндігі берілмек. Болашақта банк қосымшада бір терезе арқылы алынатын қызмет пен тауар түрлерін көбейтіп, біріңғай экожүйеге айналдырмақ. Алайда, Jusan Travel өкілінің айтуынша, басты бағыты саяхат және демалыс болып қала бермек. 

«Бізге қазір қосымшаға қонақ үйлерді енгізу маңызды. Сонымен қатар сапардан бас тартқан немесе уақыты ауысқан жолаушыларға билет ауыстыру мен қайтару қызметін де оңтайландыруға тырысып жатырмыз. Өйткені, бұл қызметтер қарапайым әрі түсінікті болған сайын саяхатқа, іссапарға жиі шығатын адамдардың аудиториясы келе бастайды. Jusan Travel-де қазір ол үшін ешқайда хабарласудың қажеті жоқ. Бірнеше батырманы басып, қызметтен бас тартуға немесе уақытын ауыстыруға болады. Сонымен қатар, лоукостерлер санын көбейтіп, турларды, халықаралық рейстерге сақтандыру мен алдын-ала брондау қызметтерін енгізу қарастырылып жатыр. Бұл сатып алу көлемін ұлғайтуға тиіс», – деді спикер.


Aviasales өкілі Еркебұлан Нұржақыповтың пікірінше, нарыққа жаңа компаниялардың көптеп кіріп, бәсекелестіктің дамуы салаға да, тұтынушыларға да пайдалы. 

«Шын мәнінде нарықта мықты бәсекелестер пайда болғаны бәріне жақсы. Біз біздің нарыққа басқа ойыншылардың келгенін жақсы сезіндік. Бірақ біздің алдағы бірнеше жылға құрған стратегиялық жоспарымыз бен мақсаттарымыз өзгерген жоқ. Сондықтан сол міндеттерді барынша мықты, ал қызметті өте сапалы орындауға тырыстық. Кез-келген компанияның, бизнес стартап болсын, ІТ компания болсын, өз аудиториясы болады. Біз сол аудиторияға ыңғайлы қызмет көрсетуіміз керек. Егер біз ұсынған өнімге көңілі толатын болса, нарыққа қандай компания келсе де олар бізден ешқайда кетпейді. Біз бұны өз тәжірибемізде көрдік. Сондықтан сенімді түрде айта аламыз, – дейді.

Шара аясында Тревел стартаптар ұсынылды. Олардың арасында саяхатшыларға, туроператорларға, гидтер мен қонақүйлерге арналған инновациялық онлайн сервистер бар. Kazakh Tourism, Astana Hub, Jusan Travel өкілдерінен құралған Сараптамалық қазылар алқасы қорытындысы бойынша үздік жобаларды таңдап, өз пікірлерін білдірді.

«Нарықтағы кей ойыншылар жақсы нәтижеге жетуі үшін «авторлық туралар» немесе арнайы экспедициялар сияқты тар салаларға мамандануы керек деп ойлаймын. Бұл ірі компаниялармен бәсекеге түспей-ақ жақсы табыс табуға көмектеседі», – дейді Виктор Тен. 

Жалпы әлемде онлайн нарық қарқынды дамып келеді. Былтырдың өзінде қызметтердің 70%-ға жуығы осы сервистердің көмегімен көрсетілген. Яғни, елімізде бұл саланың әлеуеті өте жоғары. Бұл Қазақстанның туризм әлеуетін арттырып, шетелдіктердің қызығушылығын тудырады.