Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәжілістегі «Үкімет сағаты» аясында парламентке мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндап берді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Баяндама жасаған Бағдат Мусин бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің 90%-ы (690 Мемлекеттік қызметтің 624-і) электрондық форматта көрсетілетінін атап өтті. Бұл ретте ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (бұдан әрі – ЦДИАӨМ) қазақстандықтар мемлекеттік қызметтерді тек eGov порталында және ХҚО-ларда ғана емес, басқа арналар мен платформалар арқылы да алуы үшін шара қабылдап жатыр. Қазақстандықтардың смартфондарды пайдалану көрсеткішінің артуын ескеріп, ЦДИАӨМ артық кедергілер мен қағазбастылықты болдырмай, мемлекеттік қызметтерді алу процесін жеңілдету үшін жаңа сервистерді енгізіп, мемлекеттік қызметтерді азаматтар арасындағы танымал мобильді платформаларға шығарып жатыр.
Осылайша, автокөлікті тіркеу немесе қайта тіркеу қызметтері банктердің қосымшалары арқылы қолжетімді және клиенттерге мамандандырылған ХҚО-ға барудың қажеті жоқ. EGov мобильдік қосымшасында құжаттардың 18 түрі электрондық форматта қолжетімді болатын «Цифрлық құжаттар» сервисі іске асырылды. Оларды Қазақстанның барлық ХҚО-да, әуежайда, банктерде, теміржол вокзалдарында және ұялы байланыс операторларына қызмет көрсету бөлімдерінде ұсынуға болады. Қазіргі уақытта «Цифрлық құжаттар» сервисін 5,3 млн қазақстандық пайдаланады.
Бағдат Мусиннің айтуынша, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы – маңызды басымдықтардың бірі болып табылады. Мемлекеттік қызмет сапасын бақылау шеңберінде ЦДИАӨМ электрондық мемлекеттік қызметтер бойынша орталық мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін жыл сайын бағалайды. Қолданыстағы Әдістемеге сәйкес тиімділікті бағалау – мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіруді, автоматтандырудың тиімділігін және электрондық қызметтердің қолжетімділігіне әсер еткен ақпараттық жүйелердің істен шығуын есепке ала отырып жүргізіледі.
Көбіне электрондық қызметтердің жұмыс қабілеттілігі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне байланысты болады. Мысалы, 2020 жылы жалпы 200 сағаттан астам ақау тіркелді.
Мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыру үшін ЦДИАӨМ жанындағы цифрлық трансформация орталығы өмірлік жағдайларды талдай отырып, жаңа тәсілдерді енгізеді. Олардың қатарында азаматтар үшін проактивті қызмет көрсету, Цифрлық құжаттар мен биометриялық сәйкестендіруді қолдана отырып, мемлекеттік қызметтерді қазақстандықтар арасында танымал банктік қосымшаларға шығару бар.
Мемлекеттік қызметтерді сыртқы платформаларға шығару процесті айтарлықтай оңтайландыру мен автоматтандыруға, сондай-ақ азаматтардың уақыты мен шығындарын үнемдеуге әсер етті. Бұл жағдайда автокөлікті сатып алушыға да, сатушыға да өтініш беру үшін ХҚО-ға барудың, кезек күтудің және т.б. қажеттілігі жоқ, бұл тәсіл әлемдегі пандемияны ескерсек, аса маңызды.
Тек 2021 жылдың қаңтар айында ғана банктердің қосымшалары (Kaspi, Halyk) арқылы 104 468 автокөлік тіркеу/қайта тіркеуден өтті. Оның ішінде онлайн – 5% (6816 өтінім). 2021 жылдың қыркүйек айының қорытындысы бойынша автокөлікті тіркеу/қайта тіркеу 167 561 құрады, онлайн рәсімдеу 36%-ға дейін өсті (63 057 өтінім).
2021 жылы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында мемлекеттік органдардың азаматтардың өтініштерін қабылдау тәсілі өзгерді. Бұрын өтініш беру үшін бірнеше арна болған, шенеуніктер бір-біріне сұраныстарды жібере алмады, сотқа шағым берудің ыңғайсыз жүйесі болған. Қазақстандықтарға инстанциялар арасында жүріп, түрлі құжаттар жинауға тура келді. Жаңадан құрылған «E-Otinish» электрондық өтініштер жүйесі осы мәселелерді шешуге көмектеседі. Бұл күшіне енген Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс (ӘРПК) шеңберінде қаралатын азаматтардың барлық өтініштері үшін бірыңғай ақпараттық жүйе. "Е-Otinish" өтініш барысын қадағалауға және бақылауға және қанағаттанарлықсыз жауап болған жағдайда, мемлекеттік органның жауабына шағымдануға мүмкіндік береді.
Жаңашылдықтың тағы бірі – ХҚО жұмысының жаңа форматы, атап айтқанда ХҚО-ға бармай-ақ, қызметтерді тек бейнеқоңырау арқылы алу, бұл одан әрі ХҚО-дағы кезекті жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Ағымдағы жылдың қыркүйек айында «ХҚО» мобильдік қосымшасы арқылы пилоттық режимде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тізбесі және Мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде құжаттарды қабылдаудың тиісті алгоритмі айқындалды. Пилоттық жоба аясында бейнеқоңырауларға Ақмола, Қостанай, Қызылорда және Павлодар облыстарындағы операторлар жауап береді.
«Бұл шаралар бізге Мемлекеттік қызметтерді алу үшін тек электрондық үкімет порталына ғана тәуелді болмауға мүмкіндік береді, уақыт талаптарын ескергенде бұл қолайсыз. Көп ұзамай қазақстандықтар «ХҚО» мобильдік қосымшасын пайдалана алады. Қыркүйек айында пилоттық режимде қосымша арқылы қолжетімді болатын мемлекеттік қызметтердің тізімі бекітілді. Бірінші кезеңде төрт өңірдегі 24 оператор бейне қоңырау арқылы азаматтарға мемлекеттік қызметтерді көрсететін болады. Бұл ХҚО жұмысының мүлдем жаңа форматы», – деп атап өтті Бағдат Мусин.
Қосымшада клиент профилі, кезекті брондау сервисі, QR көмегімен талон алу, бейне қоңырау арқылы мемлекеттік қызметтерді алу сервисі мен бөлімдер тізімі (жұмыс тәртібі, бөлімдердің жүктелімі, мекенжайы), гид (жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар) және байланыс ақпаратынан тұратын негізгі функционал әзірленді. Уақыт өте келе функционал саны артады.
Сондай-ақ министр «ХҚО» мобильдік қосымшасы мүмкіндіктерінің мысалдарын келтірді:
- QR төлемін жүргізу, бұл кассаға кезек күту қажеттілігін болдырмайды;
- Тұрақты тіркеудің ауысқаны туралы SMS хабарламаның келуі:
- Азаматтарды тіркеу кезінде тұрғын үй иесі өзінің телефонына өзі тіркеген адамның деректерімен хабарлама алады;
- Жазылған азамат тиісті хабарлама алады.
Сервис бөгде адамдардың тіркелуін болдырмауға және азаматтарды тіркеуден шығарылғаны туралы ескертуге мүмкіндік береді.
1414 Бірыңғай байланыс орталығы (ББО) кері байланыс алудың негізгі құралдарының бірі. Пандемия кезінде ББО-ға 34 млн-нан астам қоңырау түсті (2019 жылмен салыстырғанда 10 есе көп), ХҚО-ның 2000-ға жуық қызметкері тартылды. Жалпы ББО жұмыс істеу тәртібі қайта қаралды.
Бүгінгі таңда Бірыңғай байланыс орталығы мемлекеттік қызметтер мен сервистер бойынша кеңес беріп, вакцинация, Ashyq қосымшасы, ХҚО қызметі, Әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодекс, «Е-Otinish» сервисінің жұмысы бойынша ақпарат ұсынады, сондай-ақ ХҚО қызметіне қатысты шағымдар, мүмкіндігі шектеулі адамдарға қызмет көрсетуге өтінімдер қабылдайды.
Жедел әрекет ету және азаматтардың мемлекеттік қызметтер бойынша күрделі сұрақтары туындаған жағдайда, жауап беру үшін 25 орталық мемлекеттік орган бойынша жауапты тұлғалардың байланыс деректері бойынша база құрылды. Әдістемелік материалдар, диалог құрылымы, жұмыс кезінде операторларға қойылатын талаптар, операторлар үшін сценарийлер әзірленді, сапаны бақылауды жүзеге асыру кезінде бағалау шарттары айқындалды.
Қазірдің өзінде жоғары нәтижеге қол жеткізілді деп айтуға болады. Мысалы, қоңырау шалушылардың жауап күту уақыты төмендеді (304-тен 16 секундқа дейін), қоңырау шалу пайызы артты (69% - дан 99,1% - ға дейін) және т.б. сонымен қатар, ынталандыру мақсатында операторлардың жалақысы артты.
Сондай-ақ ЦДИАӨМ цифрландырудың мультиплатформалық моделіне көшуді жоспарлап отыр. Бұл модель әр түрлі мемлекеттік органдардың 400 ақпараттық жүйесінің шашыраңқылығы мен интеграциясы проблемасын шешуге мүмкіндік береді, бұл мемлекеттік қызмет саласындағы азаматтардың қажеттіліктеріне қарай бағдарлы жұмыс істеуге әсер етеді.
Сонымен бірге халықтың Интернетке жаппай қол жеткізуін қамтамасыз ету маңызды міндет болып қала береді. Қазақстан аумағы бойынша әлемде 9-шы орында, ал халықтың тығыздығы км2-ге шамамен 6 адамды құрайды.
2020 жылы ЦДИАӨМ екі ауқымды жобаны іске асырды: ауылдарда кең жолақты мобильді Интернетке қол жеткізу үшін инфрақұрылым құру бойынша «Ауылға ТОБЖ» және «250+».
«Ауылға ТОБЖ» жобасы еліміздің 1257 ауылында 3718 Мемлекеттік орган мен бюджеттік ұйымдарды интернетпен қамтамасыз етті, 20 000 км «оптика» өткізілді. «Nur Otan» партиясының «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасының шаралар жоспарына сәйкес кеңжолақты интернет қызметтерімен халық саны 250+ асатын 4 137 ауылды елдімекеннің барлығы қамтамасыз етілген.
Қазақстанның 6459 елдімекенінің 5214 ауылы, 88 қаласы және қала үлгісіндегі 30 елдімекені кеңжолақты интернет байланысымен қамтамасыз етілген.
Байланыс қызметтері сапасының ең аз параметрлері бекітілді (3G – 1 МБ/сек, 4G – 1 МБ/сек, тіркелген Интернет үшін-тарифтің көрсетілген жылдамдығынан кемінде 70%).
Бірқатар елдімекенде интернет сапасына қатысты проблемалар анықталды. Осыған байланысты жылдамдық пен сапаны арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде: FWA технологиясын 3G/4G ауыстыру және интернет сапасын жақсарту (2G – 3G/4G ауыстыру) белсенді жүргізілуде. Бүгінгі таңда 2021 жылға жоспарланған 621 елдімекеннің 502-сінде сапа жақсарды.
Сонымен қатар министр депутаттардың қолдауының арқасында Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексіне байланыс операторларына сапасыз қызмет көрсеткені үшін айыппұлдарды (100 АЕК-тен 1000 АЕК-ке дейін) арттыру бөлігінде түзетулер енгізілгенін атап өтті.
Байланыс сапасын бақылау аясында ұялы байланыс операторлары сапасыз қызмет көрсеткен жағдайда, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. 2021 жылдың басынан бері 408 тексеру жүргізіліп, 92,1 млн теңге сомасында айыппұл салынды.
Бүгінгі таңда халқы 127 мың адамды құрайтын 1178 ауыл мобильді кеңжолақты байланыспен қамтылмай отыр. Оның ішінде 561 ауылды 2024 жылға дейінгі кезеңде байланыс операторлары салық жеңілдіктері есебінен кеңжолақты байланыспен қамтамасыз ететін болады.
Сонымен қатар ел аумағында байланыс операторларының жұмыс істеп тұрған желілерін функционалдық толықтыру ретінде геостационарлық емес спутниктік жүйелерді (ГСОЖ) өрістету жоспарланып отыр, бұл оларға қамту аймағын кеңейтуге және халық үшін Интернетке кең жолақты қолжетімділік қызметтерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда Министрлік ГСОЖ операторларымен, соның ішінде SpaceX, OneWeb және SES операторларымен ынтымақтасу мүмкіндігін пысықтауда.