2020 жылдың қаңтар-наурыз аралығында Қазақстанның көтерме саудагерлері 4,94 трлн теңгенің өнімін өткізген. Бұл өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 4,7 пайыз артық.
Соның ішінде 19,1 пайызы, яғни 944,2 млрд теңге азық-түлік тауарларына тиесілі. Ал азық-түліктің көтерме саудасы былтырғы бірінші тоқсанмен салыстырғанда 12,5 пайыз азайып кетіпті. Бір қызығы, биылғы бірінші тоқсанда халық жаппай тамақ сатып алғанына қарамастан сауда көлемі кеміген екен.
Естеріңізге сала кетейік, қазір Үкімет республика бойынша әр өңірде азық-түлік қоймаларын салуды жоспарлап отыр. Жобалардың жалпы құны 237,5 млрд теңге.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, азық-түлік қоймаларының тапшылығы республика бойынша 70 пайыз, кей өңірлерде тіпті 90 пайызға дейін барады.
Жылдың бірінші тоқсанында азық-түліктің көтерме сауда көлемі бойынша көшбасшы өңірлер Алматы қаласы (505,9 млрд теңге), Қарағанды облысы (65,4 млрд теңге) мен Нұр-Сұлтан қаласы (52,4 млрд теңге).
Ал өсім қарқыны бойынша Қарағанды облысы (+62,7%), Алматы облысы (+33,1%), Қызылорда облысы (+29%), Түркістан облысы (1+5,4%) және Қостанай облысы (+12,6%) көш басында.
Есесіне Нұр-Сұлтан мен Алматы облыстарында тиісінше 26% және 26,6%, Павлодар облысында 20,1%, БҚО-да 18,2%, Ақтөбе облысында 16,6%, Алматы қаласында 16,3% азайып кеткен екен.