Қазақстан Республикасының Индустрия және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның мемлекет меншігіне өтуі туралы айтты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның қазіргі акционерлерін акционерлер қатарынан шығару туралы келіссөздер жүргізілді. Осы келіссөздердің нәтижесінде қазан айының соңында аталған кәсіпорынның меншік құқығын Қазақстан Республикасының пайдасына беру шарттары туралы келісімдерге қол жеткізілді. Бұл ақпаратты «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның қазіргі акционерлері таратқан баспасөз хабарламасы да растады. Қазіргі уақытта мәмілені заңды тіркеуді пысықтау жұмыстары жүргізілуде, процесс жақын арада аяқталады», - деді министр.
Сонымен қатар, Президент Вадим Басинге АрселорМиттал Теміртауды басқаруды тапсырған.
Бұған дейін мемлекет басшысы үкіметке кәсіпорынның шахтасында кеншілердің өліміне әкеп соқтырған жаңа апатқа байланысты «АрселорМиттал Теміртау» АҚ акционерлерімен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырған болатын.