Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Индустрия және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев «АрселорМиттал Теміртауды» Қазақстанға беру жөніндегі мәміленің құрылымы туралы айтты.
«Бұл мәмілені ұйымдастыру үшін бізде бірнеше қаржыландыру көзі болады. Құпиялылық туралы келісімге байланысты ақпаратты ашуға әлі мүмкік жоқ. Бірақ бұл күрделі мәміле, өйткені бұл 32 мың адам жұмыс істейтін ірі кәсіпорын», - деп атап өтті министр.
Мәмілеге бюджеттік немесе квазимемлекеттік қаражат тартылмайтыны айтылды. Мәміле тараптары Қазақстан Республикасы және «АрселорМиттал Теміртау».
«Қазақстан Республикасы мәміленің тікелей тарапы бола алмайды. Бұл бақыланатын (мемлекет тарапынан – ред.) қандай да бір заңды тұлға болуы керек. Біз мұны анықтадық, қазір құқықтық зерттеу жүргізіп жатырмыз», - деп түсіндірді Қанат Шарлапаев.
Ол үкімет активті тек қазақстандық инвесторларға беру мүмкіндігін қарастыратынын баса айтты.
«Қазір біздің басты міндетіміз – кәсіпорынның жұмысына толық кепілдік бере отырып, Arcellor-тың акционерлерден құрылымды түрде шығуын қамтамасыз ету. Екінші міндет – бұл кәсіпорынды жеке инвесторға беру. Ал бұл ретте, мен айтып өткенімдей, біз тек отандық инвесторлармен ғана шектелеміз», - деді.
Оның айтуынша, құзырлы органдар компанияға инвестор табуға ниетті кезеңге ешқандай шектеулер жоқ. «Жеке инвесторды тезірек табу идеясы жоқ. Қазір уақыт бойынша шектеулер жоқ», - деп түсіндірді министр.
Сонымен қатар, министр Arcellor-ға қарасты қандай нысандар қайтарылатынын айтты.
«Біз Қазақстандағы Arsellor Mittal активтерінің толық спектрі туралы айтып отырмыз - бұл болат департаменті, көмір және кен. Сондай-ақ әлеуетті мәміленің периметріне Ақтаудағы құбыр шығаратын құбыр зауыты кіреді», - деп түйіндеді ол.