Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Сауд Арабиясының Энергетика министрі ханзада Абдулазиз бин Салман бин Абдулазиз Аль Саудпен кездесті.
Екі елдің энергетикалық ведомстволарының басшылары энергетика саласындағы ынтымақтастықты талқылады.
Алмасадам Сәтқалиев кездесу барысында Энергетика министрлігінің 12 елдегі электр энергиясын өндіру және суды тұщыландыру жөніндегі 77 объектіні басқаратын «Acwa Power Company» Сауд компаниясымен жаңартылатын энергия көздері саласындағы табысты ынтымақтастығын атап өтті.
2022 жылғы шілдеде Қазақстанның Энергетика министрлігі мен «Acwa Power Company» арасында электр энергетикасы мен жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамыту саласындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
2023 жылғы наурызда Қазақстанның Энергетика министрлігі, «Самұрық-Қазына» қазақстандық ұлттық әл-ауқат қоры және «Acwa Power Company» арасында бірлескен жобаларды іске асыру қағидаттары туралы келісімге қол қойылды.
Келісімге сәйкес тараптар Жетісу облысында, Жоңғар қақпасы ауданында қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салу жобасын бірлесіп әзірлейтін болады. ЖЭС құрылысын 2025 жылдың жазында бастау жоспарлануда.