Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі (АИИБ) Қазақстан: Көлік тұрақтылығы мен байланысын арттыру (Транскаспий халықаралық көлік маршрутының Жезқазған-Қарағанды аумағы (Орта дәліз)) жобасы үшін 650 млн АҚШ доллары мөлшерінде қаржыландыруды бекітті. Жалпы бюджеті 1,53 млрд АҚШ долларын құрайтын бұл жоба Қарағанды-Жезқазған автожолының 498 шақырымдық аумағын, Орта дәлізді жаңғыртуға бағытталған.

Жоба өңірлік байланысты едәуір жақсартуға, климаттық тұрақтылықты нығайтуға және Азияны Еуропамен байланыстыратын Орталық Азияның негізгі сауда маршруттарының бірі бойындағы жол секторын басқаруды жетілдіруге бағытталған. Қолданыстағы үшінші санаттағы тас жолды заманауи климатқа төзімді және қауіпсіз элементтермен жабдықталған екі жақты қозғалыстағы бірінші санаттағы тас жолға айналдыру жоспарлануда. Сондай-ақ, ауылдық елді мекендерге өмірлік маңызды қызметтер мен базарларға сенімді қолжетімділікті қамтамасыз ететін, түрлі ауа-райына төзімді 40 шақырым жол жаңғыртылатын болады. Жоба шеңберінде алғаш рет жобалау, құрылыс және қызмет көрсету процестерін оңтайландыруға, ұзақ мерзімді тиімділікті арттыруға және жеке инвестицияларды тартуға мүмкіндік беретін түпкілікті нәтижелер мен пайдалану көрсеткіштері (OPBRC) негізінде Жобалау-Құрылыс-Пайдалану (DBM) форматындағы келісімшарт пайдаланылатын болады.

«Тұрақты көлік инфрақұрылымына инвестициялар Қазақстанның экономикалық өсуі мен өңірлік байланысты нығайту үшін түйінді мәнге ие», — деп атап өтті 2-Өңірдің инвестициялық операциялары мен жобалық және корпоративтік қаржыландыру жөніндегі АИИБ вице-президенті Константин Лимитовский.  

«Бұл жоба көліктің тиімділігін арттыру, сауда шығындарын азайту және Қазақстанның негізгі өңірлік транзиттік торап ретіндегі ұстанымын нығайту есебінен АИИБ-нің орнықты дамуға ұмтылысын растайды. Бұдан бөлек, Жезқазған-Қарағанды аумағындағы жарықдиодты жарықтандыруды, зияткерлік көлік жүйелерін, моторланбаған көлікке арналған инфрақұрылым, электромобильдерге арналған зарядтау станцияларын орнатуды, сондай-ақ ағаштар мен шөптерді отырғызу арқылы ландшафтты қорғауды қоса алғанда, климаттық өзгерістерді жұмсарту жөніндегі АИИБ шаралары экологиялық таза ұтқырлықты құруға және қоршаған ортаның тұрақтылығын арттыруға ықпал етеді», — дейді ол.

Инфрақұрылымды жақсартумен қатар, жоба Қазақстанның жол жобалаудың ұлттық стандарттарын жаңғыртып, оларды климаттың өзгеруіне бейімделу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы халықаралық үздік тәжірибелерге сәйкестендіреді. Сондай-ақ, өнімділік көрсеткіштеріне негізделген келісімшарттарды тиімді енгізуді қамтамасыз ету үшін халықаралық және ұлттық автомагистральдарды басқаруға жауапты ұлттық оператор – ҚазАвтоЖол компаниясына қажетті институционалдық қолдау көрсетілетін болады.