26 қарашада Ақтау портында «Taraz» және «Liwa» танкерлерін салтанатты қабылдау рәсімі өтті.

Мұнай құю танкерлері «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) мен Abu Dhabi Ports Group (ADP) арасындағы ынтымақтастық аясында сатып алынды. Дедвейті 8000 тонна жаңа кемелердің иесі — «Caspian Integrated Maritime Solutions Ltd» (CIMS) бірлескен кәсіпорны. Бұл компанияның акционерлері — «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС (ҚМГ еншілес кәсіпорны) мен International Maritime Investments Ltd (ADP еншілес ұйымы).


Салтанатты іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, ҚМГ Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) Қазақстан Республикасындағы елшісі Мұхаммед Саид Әл-Арики, ADP Басқарма Төрағасы Мұхаммед Джума Әл-Шамиси, «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС Бас директоры Айдар Оржанов және т. б. құрметті қонақтар қатысты.

ҚМГ басшысы іс-шарада сөйлеген сөзінде танкерлерді сатып алу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандық көмірсутек тасымалы экспортының бағыттарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылғанын атап өтті.


«Біз жаңа танкерлерді сатып алып, Транскаспий бағытын дамытуға маңызды қадам жасадық.  Бұл ретте Abu Dhabi Ports Group Басқарма Төрағасы Мұхаммед Әл-Шамиси мырзаға жемісті ынтымақтастық қарым-қатынасымыз және бірлескен жобаны табысты жүзеге асырғанымыз үшін алғыс білдіремін. Болашақта жаһандық логистика нарығына шығып, қызметін қарқынды дамытуды мақсат етіп отырған біздің бірлескен кәсіпорын үшін бұл өз флотын кеңейтуге жол ашады», — деді өз сөзінде М.Мырзағалиев.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев ADP  Басқарма Төрағасы Мұхаммед Джума Әл-Шамиси мен БАӘ тарапын халықаралық Ақтау теңіз сауда портына жаңа мұнай құю танкерлерін тіркеу рәсімімен құттықтады. Сонымен қатар Маңғыстау облысының әкімдігі екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға және еліміздің көлік-логистика саласын дамытуға бағытталған бастамаларға қолдау көрсететінін айтты.

Мәртебелі қонақтардың сөзінен кейін екі елдің әнұрандары орындалып, танкерлердің «өкіл аналары» ресми қабылдау рәсімін өткізді. «Taraz» танкерін қабылдау құрметіне Қазақстанның білім саласының Еңбек ері, ардақты ұстаз Аягүл Төреқызы Миразова шақырылды. Ал «Liwa» кемесін БАӘ-ден келген Мубарака Әл-Мазроуей ханым қабылдады.

Танкерлердің бірі Қазақстанның ежелгі шаһары — Тараз қаласының атымен аталса, екіншісіне БАӘ-дегі Liwa алқабының аты берілгенін атап өткен жөн.

Мұнай құю кемелері нидерландық «Damen» концернінің верфінде салынған. Танкерлердің ұзындығы — 140 метр, ені – 16,7 метр, шөгуі — 4,2 метр, жылдамдығы — 10 түйін. Олар озық басқару жүйелерімен жабдықталған, жоғары техникалық мүмкіндіктерге ие, заман талабына сай болғандықтан берік әрі тиімді. Танкерлер халықаралық қауіпсіздік стандарттарына, экологиялық талаптарға сай жасалған.

Жоспарға сай жаңа танкерлер биыл желтоқсанда пайдалануға беріледі. Олар Қазақстан мұнайын Каспий теңізі арқылы тасымалдауға жұмылдырылады.

Ресми рәсімінен кейін қонақтар кеме бортына экскурсия жасауға шықты.

Еске салсақ, 2023 жылдың наурыз айынан бастап Қазақстан мұнайы Ақтау- Баку-Тбилиси-Джейхан бағыты бойынша жылына 1,5 млн тонна көлемде жөнелтіле бастады. Біздің еліміз бен Әзербайжан паритет негізінде мұнайды Ақтау – Баку теңіз бағыты бойынша тасымалдайды. Жаңа танкерлер қазақстандық тараптың жылына 750 мың тонна көлемінде мұнай тасымалдау міндеттемесін толық орындауға мүмкіндік береді.