«Qazaqstan Investment Corporation» АҚ (QIC), «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ-ның еншілес ұйымы, TAV Airports компаниясының Kazakhstan Infrastructure Fund қорынан 15% үлесті сатып алу жөніндегі мәміле аясында «Алматы халықаралық әуежайы» жобасынан шығу үдерісін аяқтайды. Мәміле сомасы 133 млн АҚШ долларын құрады.
QIC жобаға қатысуын QIC қатысатын тікелей инвестициялар портфельдік қоры – Kazakhstan Infrastructure Fund арқылы жүзеге асырды. 2021 жылғы сәуірде қор TAV Airports тобы активті сатып алған кезде әуежай акционерлерінің құрамына кіріп, жалпы көлемі 415 млн АҚШ долларын құраған мәміле шеңберінде 30 млн АҚШ доллары көлемінде үлестік қаржыландыруды қамтамасыз етті.
QIC-тің жобаға қатысу кезеңінде Алматы халықаралық әуежайы ауқымды трансформациядан өтті. 2024 жылы инвестициялық бағдарлама аяқталып, ауданы 53 500 шаршы метрді құрайтын жаңа халықаралық жолаушылар терминалы, VIP-терминал және инженерлік инфрақұрылым ғимараты пайдалануға берілді. Сонымен қатар, өнімділігі бұрынғы жүйемен салыстырғанда төрт есе жоғары заманауи багажды өңдеу жүйесі орнатылды.
Әуежайды жаңғырту Алматы қаласындағы туристік ағынның қарқынды өсуіне жауап болды. QIC-тің жобаға қатысу кезеңінде әуежайдың жолаушылар ағыны екі еседен астам өсіп, 2021 жылғы 5,6 млн адамнан 2025 жылдың қорытындысы бойынша 11,93 млн адамға жетті, ал қаладағы туристік қызметтер көлемі 2025 жылдың қорытындысы бойынша 110,9 млрд теңгені құрады. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында әуежай 5,76 млн жолаушыға қызмет көрсетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2%-ға жоғары, ал түсімі 257,9 млн АҚШ долларын құрады. Сұраныстың тұрақты өсуі авиациялық инфрақұрылымды сапалы түрде кеңейтуді талап етті – жаңа терминалдың салынуы, заманауи багажды өңдеу жүйелерінің енгізілуі және өткізу қабілетінің ұлғаюы нәтижесінде әуежай Азияны, Еуропаны және Таяу Шығысты байланыстыратын толыққанды өңірлік хабқа айналып, 1 000-нан астам жаңа жұмыс орны құрылды.